— 20 жылға жуық уақыт бойы балаларға арналған кітап шығарып келесіздер. Бұл баспа үшін аз уақыт емес. 2000 жылдан бері балалар кітабына талғам өзгерді ме?

— Ең басты өзгеріс ата-аналардың сұранысында. Баспаның жұмысын енді бастаған жылдары кітаптар мектепке дейінгі балаларға, төменгі сынып және орта буын оқушыларына арналған деп бөлінетін. Кітап 2-3 немесе 5-6 жасар балаға арналған ба, маңызды емес еді. Мұны ата-аналардың немқұрайлылығымен немесе талғамымен шатастырмаған жөн. Қазір ата-аналардың сұранысына байланысты кітаптар баланың жасына қарай бөлінеді. «Аруна» баланың туғанынан жасөспірім шағына дейін оқитын дүниесін қамтиды.

Алғашында оқырман кішкентай балаларына мектепке дейінгі балаға арналған журнал мен кітаптарды сатып алатын. Кейін редакцияға «Жасқа толмаған балаға арналған қандай оқулық бар немесе баламның жасы үште, оған лайық кітап бар ма?» — деп сұрай бастады. Бұл жас ата-аналардың баласының әр жаста даму ерекшелігіне зейін қоюы деп білемін. Олар баласының нені таңдайтынын, қандай кітапты ұнататынын, қай деңгейде екенін жақсы біледі. Сондықтан кітаптарды әр жасқа сай етіп шығаруға көштік.

Адамды киіміне қарап қарсы алып, ақылы мен мінезіне қарай шығарып салатыны сияқты кітап кішкентай баланың қолға ұстап көруіне қызық болуы керек. Көркем безендірілген, бояуы қанық кітаптар баланы көбірек қызықтырады. Балаларға арналған кітапты шығармас бұрын маркетингтік зерттеу жүргіземіз. Балалар нені оқиды, қандай кітапқа қызығады, ата-ана нендей дүние іздейді – осыны анықтаймыз.

Қазіргі кітаптар мәтінмен және суретпен шектелмейді. Олар панорама түрінде ашылып, кітаптың тақырыбына сай баланы қызықтырады. Мысалы, «Теңіз қарақшылары» кітабында кеменің суреті, ханшайым туралы кітапта үлкен сарай шыға келеді. Осындай 3D форматтағы кітаптар көбейіп, заман талабына сай түрленіп отырады.

"Аруна" распасы
Балаларға арналған кітап. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— «Аруна» баспасы қандай авторлармен жұмыс істейді және оларға қандай талап қояды?

— Қазақстандағы барлық автормен жұмыс істейміз. Ешкімге шектеу қойылмайды. Кітаптың түріне, тақырыбына қарай әртүрлі авторларымыз бар. Кейде ата-аналардың өздері де автор болады, шығармаларын ұсынады. Сонымен қатар балабақшада, мектепте жұмыс істейтін мамандар баланың психологиясын, дүниетанымын білетіндіктен оларды жан-жақты дамытатын кітаптар жазады. Ал энциклопедиялар шығару үшін мамандардың көмегіне жүгінеміз.

Бізде авторға байланысты қызық оқиға болған. 2000 жылдары бір автор «Аруна» баспасының ашылғанын естіп, арнайы келіп, шығармасын қалдырып кетті. Біз жұмыс барысында шығарайын деп жатқан кітаптың тақырыбына қарай шығармалар іздейміз, бар шығармалардан керегін іріктеп аламыз. Сондай процесс барысында мен сол кісінің шығармаларын қолдандым. Өзіне хабарлассам, ол бізге туындыларын қалдырып кеткенін ұмытып қалған. «Менің шығармаларымды қайдан алдыңыз?» — деп сұрайды. «Өзіңіз алып келгенсіз», — деймін. Осы сияқты бірнеше автор баспаға туындыларын сеніп тапсыра алады, керек кезінде біз оларды пайдаланамыз.

Авторлардың көбі — фрилансерлер. Офисте редактор, корректор, дизайнер мен креатив директорлар ғана отырады. Кітап типографияға жеткенше редакциядағы әр маманның қолынан өтеді. Себебі бала кішкентайында оқығанды қағып алады, қате кетсе, соны өмір бойы қайталайды. Оның үстіне ол сөз кітапта жазылып тұр. Сондықтан балаларға арналған кітап шығаруға үлес қосатын кез келген адамға асқан жауапкершілік артылады.

"Аруна" баспасының кітаптары
«Аруна» баспасының кітаптары. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Баспа шетел кітаптарын аудара ма?

— Әрине, балаларға арналған шетел кітаптарынан керегін алып тұрамыз. Халықаралық кітап жәрмеңкелеріне қатысып, авторлық құқығы бар ұйымдармен байланыс жасаймыз, келісімшартқа қол қойылады. Кей шетелдік баспалар өздері хабарласып, кітаптарын ұсынады. Біз оларды қазақ тіліне аударамыз.

— Қазақ тіліне қаншалықты көңіл бөлесіздер?

— Кітаптар 100% қазақ тілінде, ал барлық кітаптың тек 20%-ы екі тілде, орыс және қазақ тілінде шығады. Қазақстанда мемлекеттік тілде баланы жан-жақты дамытатын, ата-ана талабына сай кітап шығаруды жолға қойғанбыз. «Аруна» баспасын ашқандағы мақсат та осы болатын. Өйткені 2000 жылы қазақ тілінде кітап шығаратын баспалар жоқтың қасы еді. Кезінде мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істедік. Қазір тек балаларға арналған қосымша оқулықтар, энциклопедиялар, оқушылар мен студенттерге арналған сөздіктер шығарамыз.

— Баспадан шығатын кітаптарда фантастика жанры бар ма?

— Фантастика жанры бүгінгі балаларды ерекше қызықтырады. Мультфильмдермен бірге кітаптар мен комикстер, олардағы кейіпкерлердің ойыншықтарынсыз балаларды елестету қиын. Фантастика жанрындағы балаларға арналған дүниелер көп болғандықтан біз бұл жанрды қозғамадық. Тек кей кітаптарда арнайы үлкейткіш әйнек арқылы ежелгі динозаврлар дәуіріне, жерасты әлеміне саяхаттауға болады.

"Аруна" распасы
Үлкейткіш әйнек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— «Мизам» жобасы туралы толығырақ айтып беріңізші?

— «Мизам» — аруналықтардың қиялдан туған идеясы, ертегі әлемі, сериалық кітаптар жобасы. Бұл жобаны редакция болып ұйымдастырып, «Мизам» деп атадық. «Мизам» — «Аруна» баспасының өзге баспалардан ерекшелігі, өзінің туындысы. Бұл әлемде мәңгі көктем, жасыл желек. Ертегіде алты кейіпкер өмір сүреді. Олар Хип, Хоп, Токи, Үлт (орысша Ульт), Ранни және Ррон. Әр кейіпкердің өзіндік мінезі және бір іске қабілеті бар.

Үлт — оқымысты, ақылды, кітапты көп оқиды әрі оны ең жақын досым деп есептейді.

Ррон — балаларға «Р» әрпін айтуға, тілдерін жаттықтыруға көмектеседі. Сол себепті ол «Р» әрпі кездесетін сөздерді көп айтады. Сонымен қатар Ррон — «Мизам» әлемінде ең мықтысы.

Ранни — суда да, құрлықта да тіршілік ете алады, балықтармен сөйлескенді ұнатады.

Токи — табиғаттың жанашыры, ағаштар мен бұталарды жақсы көреді. Ол балаларға табиғатқа қамқор болуды, ластамауды үйретеді.

Хип пен Хоп — ағайынды. Олар тентектік жасағанды, ойнағанды ұнатады. Сондықтан қызық оқиғаларға жиі тап болады. Бірақ Хоптың ұша алуының арқасында қиындықтардан аман шығады.

Осы алты кейіпкер балаларға ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып үйретпейді. Олар қиын жолдарды, неше түрлі тапсырманы кішкентайлармен бірге орындап, қастарында жүріп үйренеді. Бұрын балаға осылай үйретіңіз, оған осылай айту керек дейтін болса, қазір бала өз қатесін өзі түсінуі керек, не нәрсе болсын, қасында отырып бірге жасаңыз деп үйрететін заман. Осыған сай мизамдықтар да баламен бірге әртүрлі қиындықтан өтеді, қателеседі, сонда оқып отырған бала да өз қатесін түзейді.

«Неге кейіпкерлерге қазақша есімдер қоймадыңыздар?» деген сұрақ жиі қойылды. Басында алты кейіпкерді кәдімгі қазақ есімдерімен атағанбыз. Содан кейін осы жоба арқылы әлемдік нарыққа шықсақ деген ниетпен кейіпкерлердің есімі барлық баланың тілі келетіндей қысқа болғаны дұрыс деп шештік. Қазақша атауларды кез келген тілге аударғанда тіліміздің бұрмаланбағанын қаладық.  Сондықтан бала тез жаттап алатындай жеңіл атаулар пайдаланылды.

"Аруна" баспасының бас редакторы Қарлығаш Байғабылова
«Аруна» баспасының бас редакторы Қарлығаш Байғабылова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

— Уақыт өте келе адамдардың кітаптан алыстап кеткені туралы жиі айтылады. Бұл туралы не дейсіз? Балаларға арналған кітаптарға сұраныс азайып кетпеді ме? Шыққан кітаптар қаншалықты өтеді?

— Қазір кітаптың өтпейтіні, оқылмайтыны туралы мен де жиі естимін, бірақ бұл жағдайға сенбеймін. Кітаптың оқырманы азайған жоқ, рухани азық іздейтін адамдар әлі де көп. Әсіресе, ата-аналардың бала тәрбиелеуде, жетілдіруде жүгінетіні — кітап. Олар жай кітап емес, балаға бірнәрсе үйрете алатын кітап таңдағысы келеді. Бізде ертегілер мен мектепке дейінгі балалардың кітаптары, энциклопедиялар жақсы сатылады. Осының арқасында «Аруна» өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр. Өнімдеріміздің Ресейден келетін кітаптардан қымбат болмауын қадағалаймыз.