Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

«Беташарға барып, қайтыс болды». Емханадағы волонтердың әңгімесі

Фото жеке архивінен

Абылай Әубәкіров, волонтер:

Көшеде бейқам жүрген адамдарға қарап, қынжыламын

Тараз тұрғыны Абылай Әубәкіров 14 шілдеден бері Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығында коронавирус жұқтырғандарды емдеп жатқан дәрігерлерге көмектесіп жүр. Абылайға сол емханада жұмыс істейтін жеңгесі көмек қажет екенін айтқан.

Жеңгем «Дәрігер аз, көбі әйел. Науқасты көтеріп апарып, орнына жатқызудың өзі — бір төбе жұмыс» дегенде, үйде шыдап жата алмадым. Инфекцияның қауіпті екенін білсем де, тәуекелге бел буып, емханаға бардым. Алғашқы күннен бастап ішкі жұмысқа араласып кеттім, — дейді волонтер.

Абылайдың айтуынша, төтенше жағдай кезінде ауруханаға адамдар толассыз келген. Дәрігерлердің тамақ ішіп, бір-бірімен сөйлесуге де уақыты болмапты. Медицина білімін қажет етпейтін жұмыс та көп екен.

Екпе салу, науқастардың жағдайына баға беру сияқты жұмыстар қолымыздан келмейді. Дегенмен біз атқаратын іс те жетерлік. Жедел жәрдем әкелген науқастардың әлі жоқ, жүруге шамасы келмей жатады. Сол кісілерді көтеріп, реанимация бөліміне жеткіземіз. Шыны керек, мұның өзі қиын шаруа болды, себебі дәрігерлер түскен адамдарды кезек-кезек қабылдауға үлгермей жатты, — дейді ол.

волонтер
Фото жеке архивінен

Жұмысты бастамас бұрын дәрігерлер де, волонтерлар да қорғаныш киімін киеді. Оны 4 сағат сайын ауыстырып отыру керек. Абылай арнайы форманы киіп-шешу, онымен жұмыс істеудің өзі оңай емес екенін айтады.

Қорғаныш киімі барлық жеріңді жауып тұрғандықтан сенімді жүресің. Еркін жұмыс істеп, өзіңді қалқанмен жүргендей сезінесің. Бірақ тұмшаланған түрімізді көрген науқастар шошып кетеді. Дегенмен сол киімнің арқасында көп еңбек еттік. Кей дәрігерге мұндай киіммен жүру, тыныс алу қиын болды, — дейді Тараз тұрғыны.

волонтер
Фото жеке архивінен

Ауруханадағы жағдайды көрген Абылай елде коронавирус инфекциясына қатысты ахуалдың ушыққанын түсініп отыр. Сондықтан көшеде, көпшілік жиналатын орында медицина маскасын тақпай, бейқам жүрген адамдарға қарап, қынжылатынын айтады.

Бірде емханаға әжей түсті. беташарда болғанын айтты. «Карантин кезінде той-томалаққа неге бардыңыз?» деп сұрағанымда, «ұят қой, бармасаң ренжиді» деді. Өкініштісі, 3 күннен кейін реанимацияға түсті, тағы бір күн өткен соң қайтыс болды. Үлкен соққы деп қабылдадым. Басқаларға айтарым — карантин талабын сақтап, өзіміз бен жақындарымыздың денсаулығын ойлайық, — дейді волонтер.

Абылайдың негізгі мамандығы — актер. Ол бұған дейін Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрында қызмет атқарған. Емханадағы өмір мен өлім арасында арпалысқан науқастарды көргеннен кейін медицина саласындағы қызметкерлердің қадірін түсіндім дейді.

волонтер
Фото жеке архивінен

Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін «Өнер жолын таңдағаным дұрыс болды ма?» деп өзіме сұрақ қойдым. Адамдардың қиналып, өмірмен қош айтысып жатқанын көргенде «Неге дәрігер болмадым, медицина ілімін неге оқымадым?» деп өкіндім. Емхана сыртында жиналған елдің қолыңнан тартып, «Анамның жағдайы қалай?», «Әкем қай палатада жатыр?», «Тәуір болып қалды ма?» деп сұрақ жаудырғаны, үмітпен қарағаны қатты әсер етті. Сондықтан өз жұмысымды былай қойып, емханаға көмектесейін, осы азаматтармен бірге болайын дедім, — дейді ол.

Абылай дәрігерлерге шексіз алғысы бар екенін айтады.

Отбасын, бала-шағасын тастап, күні бойы жұмыста жүру оңай емес. Оның үстіне өз өміріңе де қауіп төніп тұр. Қанша науқас келеді… Бәрінің көңілін табу, оларға диагноз қою — қиын әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Өздері ауырып жүрсе де, бала-шағасын сағынса да, науқастарды емдеп жүрген дәрігерлерге рақмет айтамын. Олар — бүгіннің батыры, — дейді Абылай.

Ерғали Әбуғали, волонтер, Тараздағы Nur Otan партиясы Jas Otan Жастар қанатының басшысы:

Қолдау дәрігерлерге ауадай қажет еді

Ерғалидің айтуынша, елдегі жағдайдың ушығып кетуіне коронавирус инфекциясының өршуі, оған мемлекеттің дайын болмауы себеп. Емхана вирус жұқтырған науқастарға лық толы. Вирустың кесірінен көз жұмып жатқандар да аз емес. Дәріхана алдындағы кезек, қажет дәрінің табылмауы адамдарды әуре-сарсаңға салды. Дәрігерлер бір күнде 100-150 адам қабылдап, үлгермей жатты. Нағыз хаос орнады. Дәрігерлерге деген көзқарас өзгерді. Тіпті олардың жұмысын түсінбей, жағымсыз пікір қалыптастырғандар да бар. Алайда аурухана қабырғасындағы арпалысты ешкім көрген жоқ дейді ерікті.

Бірі әкесінен, бірі анасынан, бірі жақынынан айырылып, қан жұтты. Ауруханадағы дәрігерлердің өзі ауырып қалып жатты, кейбірі қызмет кезінде қайтыс болды. Маман жоқ, жедел жәрдем көліктері емхана алдында кезекте тұрып, кері қайтып жатты. Бірақ бұл дәрігерлердің ғана кінәсі емес. Олардың басына түскен жауапкершілікті халық та түсінуі керек. Дәрігерлердің ауыр қорғаныш киімін сағаттап киіп жүргенін, соңына дейін берілмей еңбек етіп жатқанын елеуден қалдық. Қолдау дәрігерлерге ауадай қажет еді, — дейді ол.

волонтер
Фото жеке архивінен

Дәрігерлерге алғыс білдіру және көмек беру мақсатында Ерғали Jas Otan Жастар қанаты жастарымен жиналып, «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясын бастаған. Акция аясында вирус ошағында жүрген 100 дәрігерге алғыс себетін табыстаған. Сонымен қатар қаладағы кәсіпкерлердің қолдауымен облыстық инфекциялық емханаға 2 тонна, облыстық балалар емханасына 2 тонна, Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығына 2 тонна және Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханаға 4 тонна ауызсу жеткізіпті.

Тараз еріктілері өміріне қауіп төнуі мүмкін екеніне қарамастан емханаға су апарып, түсіріп берді. Бұдан бөлек күні-түні оттегі балондарын жеткізуге көмектесті, — дейді Ерғали Әбуғали.

«Беташарға барып, қайтыс болды». Емханадағы волонтердың әңгімесі
Фото жеке архивінен