Алғашқы симптомдары

Дене қызуы, тамақ ауруы, әлсіздік. Екі апта бұрын Алматы тұрғыны Жаннат Төлегетайдан коронавирус инфекциясының осы белгілері байқалған. Ол өзін жайсыз сезінген соң бірден ауруханаға барады. Бірақ дәрігер пневмония немесе коронавирус деген диагноз қоймапты.

Әуелі тамағым ауырды. Бір күннен кейін дене қызуым 37,5 градусқа көтерілді. Ыстық сорпа ішіп, терледім, температураны түсірдім. Ертеңіне дәрігерге бардым. Олар симптомдарыма қарап, тұмау дегендей болды. 5 күнге цефтриаксон және азитромицин антибиотигін жазып берді, — дейді ол.

Жаннаттың жұмыс орны коронавирус бар-жоғын анықтайтын тест жасатуын сұрайды. Ол осы сараптамадан кейін ғана COVID-19 жұқтырып алғанын біледі.

Басшылық емделіп жүргеніме 6 күн болғанда сараптама жасатуымды сұрады. Шығынды компания төлейтінін айтты. Бірден келістім. Таңертең барып тест жасаттым. Сол күні кешке жауабы дайын болды, анализ оң нәтиже көрсетті, — дейді Жаннат.

«Күнде басым ауырады»

Қазір Жаннаттың жағдайы жақсы. Дегенмен коронавирустан толық айықпады. Оның айтуынша, күн сайын кешкісін басы ауырады, иіс те сезбейді.

Оған қоса жөтел де бар. Өкпемнен бір жайсыз нәрсе сеземін. Дәрігер тыныс алуым қиындаса, ингалятор қолдануым керек екенін айтты. Бірақ алғашқыға қарағанда қазір денсаулығым жақсарды, — дейді науқас.

«Дәрігерлер бірден тексермеді»

Жаннаттың айтуынша, карантин кезінде емделу қиын. Өйткені екпе салатын мекемелер жабық, дәрі-дәрмек те тапшы.

Ауруханалардағы система салатын бөлім науқастарды қабылдамайды. Сол себепті алғашқы күндері жекеменшік орындарға барып, салдырып жүрдім. 5 шілдеден бастап карантин режимі күшейтілді. Соған байланысты жекеменшік мекемелер де жабылып қалды. Енді система салатын жер жоқ, — дейді Алматы тұрғыны.

Жаннат коронавирус пен тұмаудың көп симптомы ұқсас болғаннан кейін дәрігерлердің бірден дұрыс диагноз қоя алмауын қалыпты жағдай деп есептейді. Дегенмен ауырып тұрған науқасты бірден қабылдамаған медицина қызметкерлеріне реніші бар.

Алматыда өзім тіркелген №16 поликлиникаға бардым. Жағдайымды көре тұра аурухана қызметкерлері «Сіздің терапевтіңіз жұмысқа түстен кейін келеді. Сол кезде келіңіз» деп мені тексермей қойды. Амал жоқ, түстен кейін тағы бардым. Ол кезде «Сіз тексеруге алдын ала жазылмағансыз» деді. Қатты ашуым келді. Кешке әрең қабылдады. Меніңше, дәрігерлер мұндай кезде жағдайды қиындатпай, адам өмірін бірінші орынға қоюы керек , — дейді ол.

«Егде жастағы адамдар үшін алаңдаймын»

Қазір Жаннат екі апта үй карантинінде жатыр. Жағдайы ауыр болмағаны себепті өзін-өзі емдеуіне тура келіп отыр. Оның айтуынша, қазір коронавирустың бар-жоғын талқылайтын уақыт емес, керісінше, денсаулықты ойлайтын кез.

Иммунитетім коронавирусты жеңген сияқты. Тез ауырдым, енді тез жазылып келе жатырмын. Бірақ созылмалы аурулары бар егде жастағы адамдарға өте қауіпті екенін түсіндім. Солар үшін алаңдаймын. Сондықтан бұл нәрсеге жауапкершілікпен қарауға тиіспіз, — дейді Алматы тұрғыны.