“Мен алматылықпын” қоғамдық бірлестігінің волонтерлары “Мен болмасам, басқа кім?” акциясын ұйымдастырды. Оның мақсаты – карантин салдарынан табыссыз қалғандарға, көпбалалы шаңырақтарға, жалғызбасты аналарға, зейнеткерлерге, мүгедектігі бар балаларға азық-түлік алып беріп, көмектесу. Акцияға бірнеше қайырымдылық қоры, компаниялар мен қарапайым тұрғындар қатысып жатыр.

Қазір адамдарға ең керек нәрсе – азық-түлік. Бірде жалғыз өзі тұратын әженің үйіне бардық. Ол кісі 2 апта бойы үйінен шыға алмаған екен. Оны бізге көршілері хабарласып айтты. Әже біз әкелген азық-түлікті көргенде жылап жіберді. Алғыс айтты. Қазір мұндай қиын жағдайда жүрген адам көп, – дейді “Мен алматылықпын” қоғамдық бірлестігінің волонтеры Ерәли Атибеков.

волонтерлар
Фото: “Мен алматылықпын” ҚБ

Оның айтуынша, волонтерлардың әр күні Алматының шетіндегі қоймаға барудан басталады. Ол жерде мұқтаж адамдарға берілетін азық-түлік себетін дайындайды. Себетке күріш, қарақұмық, қант, май, макарон сияқты ең қажет өнімдерді жинайды.

Ең керек азықты алып беруге тырысамыз. Әуеліде көбіне азық-түлікпен бірге медицина бетпердесін де жеткізетінбіз, бірақ қазір бетперде, антисептик табудан қиналып жүргендер жоқ деуге болады, – дейді волонтер.

волонтерлар
Фото: “Мен алматылықпын” ҚБ

Төтенше жағдай кезінде елді мекен ішінде жүріп-тұруға волонтерлардың бәріне бірдей рұқсат берілмейді. Қайырымдылық жасауды осы шектеу қиындатып тұр.

Қазір сыртта рұқсат қағазынсыз жүруге болмайды. Сондықтан екіге бөліндік. Бір топ азық-түлік себетін жинастырады. Екінші топта бірнеше волонтер мен көлік жүргізуішісі бар, олар қажет заттарды адамдарға тасиды. Көлік жүргізушісі де – волонтер. Көлігінің бензинін өз қаражатына сатып алады, – дейді Ерәли.

Волонтерлар көмекке мұқтаж адамның үйіне барардан бұрын коронавирус инфекциясына қарсы сақадай-сай киініп, қорғанады. Адамдардан бір метрдей қашық тұрады.

волонтерлар
Фото: “Мен алматылықпын” ҚБ

Аппақ қорғаныш киімін киіп, адамдардың үйіне кіріп келгенімізде шошып кетеді. Оларды ауруханаға алып кетуге емес, көмек ретінде азық-түлік әкелгенімізді айтып, сабасына түсіреміз, – дейді Ерәли.

Ешқандай ақы алмай көмектесіп жатқан волонтерларға адамдардың алғысы шексіз. Тіпті олардан көмек алған кей адам өзі сияқты басқа мұқтаж адамдарға көмектесу үшін волонтерлар қатарына қосылған.

волонтерлар
Фото: “Мен алматылықпын” ҚБ

Азаматтар “Мен болмасам, басқа кім?” акциясына ақшалай көмек бере алады. Ол туралы толық мәліметті қоғамдық бірлестіктің Facebook және Instagram желілеріндегі парақшаларынан білуге болады.

“Мен алматылықпын” қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 5 жыл болды. Оның волонтерлары 2015 жылы Алматыда селден, былтыр Арыста жарылыстан және осы жылдың басында Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздік салдарынан жапа шеккен тұрғындарға көмек берді. Ерәли Атибеков балалардың церебрал сал ауруына ұшыраған. Ол өзі сияқты мүгедектігі бар балаларға да көмек беріп тұрады.