Не болды?
Жақында Астанада жаңа әуежайдың құрылысы басталады. Президент парламенттің бірлескен отырысында жаңа нысан қала үшін маңызды екені айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласы Қазақстан инфрақұрылымының дамуы үшін негізгі бағыттың бірі екенін атап өтті. Бұл сала стратегиялық маңызға ие әрі көршілес елдер арасында бәсеке жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан мемлекет теміржол инфрақұрылымын жаңғыртып, жаңа магистральдар мен вокзалдар салуға ерекше назар аударып отыр.
Біз еліміздің инфрақұрылымының дамуына себеп болған көлік-логистика саласына баса назар аударуымыз керек. Бұл сала стратегиялық маңызға ие. Басқа елде де осы бағыттың дамуы үшін жұмыс істеп жатыр, сондықтан бәсеке жоғары. Теміржол саласының жүк тасымалындағы рөлін ескере отырып, мемлекет жаңа магистральдар мен вокзалдар салуға және оларды жаңғыртуға баса мән беріп отыр, – дейді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Достық – Мойынты теміржолының екінші желісі мен Алматыны айналып өтетін теміржол қолданысқа берілгенін еске салды. Сонымен қатар биыл Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал бағытындағы құрылыс аяқталып, келер жылы Бақты – Аягөз теміржолын іске қосу жоспарланып отырғанын айтты.
Президент автожол инфрақұрылымын дамыту жұмысы да қарқынды жалғасып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, былтыр 13 мың шақырым жолды жөндеу басталып, оның 6 мың шақырымы қолданысқа берілген. Сонымен қатар келер жылы автокөлік өткізу бекеттерін жаңғырту толық аяқталуға тиіс.
Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет жасалды. Келер жылы автокөлік өткізу бекеттерін жаңғырту ісі аяқталуы керек. Кейінгі бес жылда ел аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 6 миллион тоннаға жетті. Былтыр автокөлікпен жүк тасымалдаушылардың табысы 1,5 триллион теңге болды. Бұл – теміржол саласындағы кіріспен шамалас көрсеткіш. Осының өзі отандық автокөлік тасымалы саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Демек, мұндай кәсіпкерлерді барынша қолдау керек, – дейді мемлекет басшысы.
Президент сонымен қатар авиация саласы тұрақты дамып келе жатқанын, жаңа халықаралық әуе бағыттары ашылып жатқанын атап өтті.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада жаңа әуежайды жақын арада салу керек екенін айтты.
Астанада жаңа әуежай салу – басты мәселені бірі. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы қажет. Әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру өте орынды шешім болды деп санаймын. Бұл маңызды қадам халықаралық логистикадағы әлеуетімізді күшейтуге ықпал етері сөзсіз, – дейді президент.
Контекст
Естеріңізге салайық, Астана әкімдігі жаңа әуежай салу үшін инвесторлар іздеді.
