Жанар Темірбекова, Еуразия технология университетінің ректоры:

Жанар Темірбекова
Жанар Темірбекова. Фото жеке архивінен

300 жыл бұрын Америка профессоры Калеб Филлипс Boston Gazette газетіне стенография жазуы мен бухгалтер есебі курсын хат алмасу арқылы оқытатыны жөнінде хабарландыру береді. Осылайша ол қашықтан білім беру жүйесін тұңғыш ұйымдастырушы болды. Әрине, бастапқыда бұл тәсілді қолданған ағартушылар аз болды және тек пошта қызметі арқылы жүзеге асты. Уақыт өте технологияның дамуымен бірге қашықтан оқытудың әдіс-тәсілі де дамыды.

Радио мен телевизия да бұл оқу үдерісіне едәуір үлес қосты, бірақ дүниежүзі бойынша қашықтан оқыту технологиясының жаппай тарауына интернеттің әсері көбірек болды. Өйткені интернет пен ақпарат технологиясының дамуы көп салаға жаңа мүмкіндік берді. Бұл оқу форматының басты артықшылығы — адам қалаған уақытында және қалаған жерінде білім алады және ол — мүгедектігі бар азаматтар үшін де қолайлы ресурс. Сонымен бірге қашықтан оқыту арқылы білім беру саласындағы педагог кадрлары тапшылығы проблемасын шешуге болады, өйткені мамандығы мен осы технологияны жетік меңгерген мұғалім немесе оқытушы бір мезетте мыңдаған білім алушыға сабақ береді.

Дегенмен бұл технологияны пайдалану үшін әуелі инфрақұрылым дайын болуы керек. Бұл қолжетімді интернетпен, дербес компьютермен ғана шектелмейді, оған қоса қашықтан оқыту кезінде қолданылатын платформалармен жұмыс істей алатын кадрлардың болуы да маңызды. Қашықтан білім берудің кемшілігіне келер болсақ, жоғарыда айтқан инфрақұрылым дұрыс болмағанда оқу сапасы төмендейді, әсіресе көп ауылда интернет жылдамдығының төмен болуы немесе мүлдем болмауы алаңдатады. Тұрмыс жағдайы нашарлау отбасы үшін компьютер мен интернеттің жоқтығы қиындық туғызады.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен осы проблемаға қатысты бірнеше шешім қабылданды. Тұрғылықты жерінде интернет жоқ студент оқуын жатақханада қалып жалғастыра алады. Компьютері жоқ студент пен оқытушыға оқу орындары карантин мерзімі аяқталғанша активіндегі компьютерді уақытша қолдануға береді.

Министрлік осы өзгеріске дайын болуымызды ескертті, дайындық шарасы карантинге дейін басталып кеткен еді. Кейінгі жылдары Қазақстанның көп университетінде қашықтан оқыту технологиясы кең қолданылып жатыр, әсіресе колледжден кейін немесе екінші жоғары білім алатын студентке қашықтан оқыту технологиялары негізінде қысқартылған арнайы білім беру бағдарламасы бар.

Өзім басқарып отырған универсиет карантинге дейін де студенттерге қашықтан сабақ беріп, емтихан өткізіп, баға қойып жүрді. Еуразия технология университетіне бұл форматқа көшу қиын болған жоқ, бірақ қашықтан оқитындардың үлесі университеттегі жалпы студент санының жартысына да жетпейтін және онлайн білім беруге барлық оқытушы қатыспайтын. Қазіргі басты жұмысымыз — мұндай практиканы алғаш көріп отырған студенттер мен оқытушыларға оны егжей-тегжейлі түсіндіріп, білім сапасын түсірмеу. Осыған байланысты университет студенттеріне нұсқаулық дайындап, сайтта жарияладық және олардың сұрағына жауап беру үшін арнайы call-орталығының жұмысын ұйымдастырдық.

Карантиннің қанша уақытқа созылатыны әлі белгісіз, сол себепті осы оқу жылын қашықтан оқыту арқылы аяқтауымыз мүмкін. Қазіргі кезде емтихандарды өткізу және диплом жұмысын алдын ала қорғау сияқты шараларға дайындық жүргізіп жатырмыз. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі тарапынан көп қолдау көрсетіліп жатқанын айтқым келеді.

Ведомство барлық университет өкілінің қатысуымен онлайн форматта жиналыс өткізіп, проблемаларды шешудің жолын қарастырып отыр. Ең маңыздысы — барлық әріптесіміз төтенше жағдай кезінде қоғам алдындағы жауапкершілікті сезініп, бір-біріне көмектесіп жатыр. Мысалы, әр университет карантин кезінде кітапханаларындағы онлайн ресурсты тегін таратып, қашықтан оқыту платформасын да ақысыз қолдануға мүмкіндік беріп отыр.

Сұңғат Анапия, Сулейман Демирел университетінің 3-курс студенті:

Сұңғат Анапия
Сұңғат Анапия. Фото жеке архивінен

Әрине, университетте оқу мен онлайн дәріс алу — екі түрлі дағды. СДУ-да бұрыннан Google Classroom сервисін қолданатынбыз, осы семестрде Moddle-ді қолдана бастадық. Ал қашықтан оқытуға көшкен сәтте оқытушыларға курс жүйесін Google Meet-те онлайн сабақ беруге бейімдеу үшін бір апта ғана уақыт кетті, яғни тез икемделе алдық деп ойлаймын.

Жоғарыда айтқанымдай, онлайн дәріс пен аудиторияда оқудың айырмашылығы бар. Жақында бір дәрісті тыңдау үшін жүйеге кешігіп кірдім. Оқытушыға «Сіздің сабағыңыздың арқасында ғана бүгін дүйсенбі екенін түсіндім» деп әзілдедім. Өйткені қазіргі жағдайда қай күн де демалыс сияқты. Ал университетке барып оқығанда ми бір күн бұрын дайын болады.

Қалада тұрған соң интернеттен және техникадан қиындық жоқ. Сонымен бірге оқытушылар бағдарламаларды, медиадағы жаңа мүмкіндіктерді өз скринімен көрсетіп жүр, олар өз саласына қарай онлайн сабақ берудің артықшылығын қолдана бастады.

Қазір уайымдайтын кез емес. Қашықтан оқыту — мұқтаждықтан, мәжбүрліктен болған нәрсе, сол себепті оқытушылар студенттерге, студенттер оқытушыларға түсіністікпен қарап жатыр деп ойлаймын. Негізі онлайн оқу жаңалық емес. Алайда журналистика мамандығында оқысам да, медианың басқа қырын үйреніп жатырмын. Онлайн курс — дүниежүзінде қолданылып жатқан дағды. Қазіргі жағдай сол дағдыға бейімделуге жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.

Аружан Аршидин, «Сымбат» колледжінің 1-курс студенті:

Аружан Аршидин
Аружан Аршидин. Фото жеке архивінен

Карантинге байланысты жарты айға жуық уақыттан бері онлайн оқимыз. Біз екі бағдарламамен: Meet және Classroom-мен оқып жүрміз. Meet — бір уақытта 100-ден астам студент кіріп, сөйлесе алатын видеочат. Әр оқытушы сабақтың алдында видеосабаққа қосылу үшін сілтеме жібереді. Ал Classroom арқылы оқытушы тапсырма береді. Студенттер тапсырманы дәптерге орындап, осы жүйеге салуы қажет, бірақ бұлай оқу бәріне бірдей тиімді емес. Өзімде интернет пен ноутбук жағынан проблема болмайды, бірақ тобымыздағы 32 студенттің бәрінде бірдей мұндай мүмкіндік жоқ. Оның үстіне, интернет сапасы дұрыс болмаса, жүйе білім алушыны бірден шығарып жібереді. Ал бұл проблемаға оқытушылардың кейбірі түсіністік таныта бермейді.

Өзім де кейде тапсырмаларды жүктей алмай қаламын. Сондай кезде оқытушыға осы проблеманы айтып, әлеуметтік желі арқылы жіберуге рұқсат сұраймын, бірақ олар мұндай кезде үй жұмысын қабылдамайды және тапсырманы орындамаған болып шығамын.

Алғашында қашықтан оқыту түсініксіз болды, қазір үйрендік, бірақ бәрібір ыңғайлы деп айтпас едім. Өйткені үйден оқығанда сабақ болып жатқанын сезінбейсің, ой бөлініп кетеді.

Айкерім Әлімжанова, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы:

Айкерім Әлімжанова
Айкерім Әлімжанова. Фото жеке архивінен

Аз уақыттың ішінде үлкен, кіші демей, бәріміз қашықтан оқытуға көштік. Әлеуметтік желілерде жаппай онлайн курс ұйымдастырылып, адамдар ақыл-кеңесін айтып, білгенін бөлісті. Кейбіреулер осы кезде таргет жарнамасын ұсынды, ақылы курсын бастап, пайда табуға ұмтылды.

Тағы бір нәрсе — мектептер мен жоғары оқу орындарында жұмыс істеп көрмеген, ондағы ішкі мәселелерден хабары жоқ адамдар мұғалім мен оқытушыға ақыл айтып, онлайн сабақ ұйымдастырып жүр. Дәл қазіргі жағдайда мұның да көмегі бар шығар, бірақ бұл нәрсені әр мектептегі информатика пәнінің мұғалімі мен оқу орнындағы ақпарат технологиялары факультеті ұйымдастырғаны жөн. Өйткені бәрінде жүйе бірдей емес.

Төтенше жағдай кезінде халықтың ақпарат пен медиасауат деңгейінің қандай екені байқалды. Толассыз ақпаратты қорытып үлгермедік. Біресе онлайн оқу ережесімен танысып, біресе адамзатқа қауіп төндірген вирусты талқылап, 2 аптаны өткіздік.

Қашықтан білім беруге әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті еш қиындықсыз көшті. Өйткені бұған дейін де қашықтан білім беру департаменті нәтижелі жұмыс істеген. Сырттай екінші мамандық алушылар мен шетелде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқитындарға арналған Dl.kaznu.kz пен жалпыға арналған Open.kaznu.kz ашық онлайн платформасы бар. Сонымен бірге Univer.kaznu.kz жүйесінде де қашықтан оқытуға мүмкіндік бар.

Осы мүмкіндіктерді пайдаланып жатырмыз. Дәрістерді Zoom деген қолданбамен вебинар ретінде өтіп жүрміз. Skype, Youtube Streaming, Microsoft Teams пен Google Hangouts тағы бар. Студенттермен тығыз байланыс орнату үшін Telegram-ды да қолданып жүрміз. Негізі онлайн оқытудың мүмкіндігі көп. Бастысы — кез келген адамда интернетті пайдалана алатын мүмкіндік болуы керек. Сонымен бірге, әрине, ынта, ниет те қажет.

Бақытжан Отарбаева, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 1-курс магистранты:

Бақытжан Отарбаева
Бақытжан Отарбаева. Фото жеке архивінен

Коронавирустың таралуына қатысты ахуал ушығып тұрған кезде қашықтан оқытуды дұрыс деп есептеймін. Бұл жүйенің сапасына келсек, өзім білім алатын университет оқытудың бұл түріне дайындықты карантинге дейін бастаған. Сол себепті ешқандай проблема бола қойған жоқ.

Оқытушылар баға қоятын Platonus жүйесінің басты бетіне тапсырмаларды салады. Оны салған мерзімі мен дедлайн міндетті түрде көрсетіледі. Студент берілген уақыт аралығында тапсырманы орындап үлгеруі қажет. Өз басым берілген тапсырмаларды орындап үлгеремін, өйткені бір апта уақыт беріледі. Тапсырманы дәптерге орындап, оны жүйеге жүктейміз немесе Word файлына жазып та жібереміз. Бұл мұғалімнің талабына байланысты өзгеріп отырады. Дәрісті, семинар сабақтарын да Zoom бағдарламасымен оқып жүрміз.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Nina)

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!