Білім және ғылым министрлігі оқушыларды қашықтан оқытуда телевизияны да қолға алғалы отыр. Енді республикалық Balapan және «Ел Арна» тереарналары күніне 8 сағат сабақ өткізеді. Бүгінде 300-ден астам сабақ түсіріліп, дайын тұр.

Әрине, бұл — үлкен мәселе. Індет болып жатқанда ұстаздар келіп, түсірілімге қатысып жатыр. Мұғалімдер мұндайға дайын болмаған. Енді тележүргізуші ретінде өзін жаңа рольде сынап көріп жатыр, сабақты түсінікті, бала жалықпайтындай форматта беру де — үлкен емтихан. Сондықтан түсірілімге қатысып жатқан ұстаздарға алғыс айтқым келеді. Төртінші тоқсанды қамту үшін 3 360 сабақ түсіруіміз керек. Оның 300-ден астамын дайындап қойдық. Сонымен қатар Qazaq Radiosy-нан да сабақ жүргізуді қолға алдық, — деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Министрлік қашықтан оқытуда мұғалімдердің цифр технологиялары бойынша сауатына ерекше көңіл бөліп отыр. Әр облыс, қала, аудан білім беру бөлімдерінің жанында әдістемелік көмек беретін call-орталықтар жұмысын бастайды. Білім және ғылым министрлігінің call-орталығы да жұмыс істеп тұр. Оған «1450» нөмірімен хабарласуға болады.

Онлайн білім беру қалай болып жатқанын арнайы жағдаят орталығы арқылы бақылап отырамыз. Әр облыста қашықтан оқу бойынша жоба офистерін құрдық. Басты назарды орта білім беру деңгейіне аударып отырмыз. Осы ретте «Мұғалімдер сабақты видеоға түсіріп, оны жіберу міндетті ме? деген сұрақ қойылып жатыр. Әрине, бұл мұғалімнің өзіне жақсы, бірақ оларға әр сабақты видеоға түсіріп, оны жіберіп отыру міндеттелмейді, — деді министр.

Қашықтан оқытудың тағы бір тәсілі — электрон поштамен сабақ беру. Елімізде 1 200 елді мекен болса, оның ішінде бір класта 4-5 баладан оқитын мектептер бар. Бұған дейін олар арнайы көлікпен қатынап оқыса, қазір поштамен оқу қарастырылып жатыр.

Балалардың техникалық мүмкіндігі болса да, кей жерлерде интернетке қосылу жағы әлі де шешілмей тұр. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, интернет тек ауылда емес, қалаларда да дұрыс істемейді. Интернетке қосылған, бірақ компьютері жоқ балалар да бар.

Бүгінде 300 мыңнан астам баланың компьютері жоқ. Осыған орай біріншіден, мектептегі компьютерлерді балаларға беруді бастадық. Нұр-Cұлтан мен Алматы бұл жұмыста белсенді. Екіншіден, қосымша тағы компьютерлер сатып алып жатырмыз. Себебі мектептегілер бәріне жетпейді. 80 мыңға жуық компьютер мен планшет сатып аламыз. Тек оқушыларға емес, мұғалімдерге де үлестіріледі, — деді ол.

Бас педагогтың айтуынша, министрлік шалғайда орналасқан және шағын жинақталған мектептердің тізімін жасады. Бала саны аз болғандықтан олар оқу процесін бұрынғыдай жалғастыра алады, бірақ сабақты екі ауысым бойынша 30 минуттан өткізуге тиіс. Министрлік жағдайға қарай басқа да шараларды қолға алғалы отыр.

1 сәуірде мұғалімдер онлайн сабақ өтіп, сынап көреді. Ал 2 сәуірде ел бойынша ата-аналар жиналысын өткізбекпіз. Ал жұма күні класс сағаты онлайн өтеді. Елімізде жақсы мұғалім өте көп. Осы бір-екі аптада ата-аналар мұғалімдердің жұмысы қандай екенін түсініп, қадірін біліп жатыр деп ойлаймын. Мұндай жағдайларды естіп жүрмін. Ата-аналардан сабырмен, түсіністікпен қарауды сұраймын. Оларға қазір оңай болып жатқан жоқ. Мұндай жағдайдан да шығамыз, — деді министр.

Асхат Аймағамбетов ұлттық бірыңғай тестілеудің уақыты өзгермейтінін айтты. Бұл мәселе төтенше жағдай режимі мерзіміне қарай мамырдың соңында тағы қарастырылады.