Сізді көрермен «Саяхат», «Мирас», «Таңшолпан» бағдарламалары арқылы таниды. Келешекте қандай жеке авторлық бағдарлама жасағыңыз келеді?

Әрине, ойымда жүрген жобалар көп. Олардың концепциясын ұсынып көреміз, жүзеге асатыны да, қабылданбай қалатыны да бар. Бірақ мен оны сізге айтпай-ақ қояйын. Құпия болып қала берсін. Ең бастысы, мен қолға алатын жобалар ұлтымызға қажетті дүниелер болса екен деймін. Өзіңіз байқасаңыз, қазір біраз телеарнада жеңіл-желпі хабарлар, шоу-бағдарламалар көп. Ол телеарналардың мақсатын да түсінуге болады. Көрерменді тарту үшін қызық бағдарламалар көрсетуге тырысады. Бірақ халықты жеңіл дүниемен азықтандыра берген дұрыс емес деп есептеймін. Көрерменге ұлттық болмысымызға сай, дүниетанымды кеңейтетін, өткен тарихымыздан сыр шертетін, ұлы тұлғаларымызды танытатын бағдарламалар қажет. Бұл — менің журналистік көзқарасым, пікірім.

Бізде өзге жұрт қызыға қарайтын, көрнекті жерлер, табиғи орындар жетіп артылады. Бұған «Саяхат» пен «Мирас» бағдарламаларын дайындау барысында көзім жеткен. Тек біз соларды дұрыс көрсетіп, өзгеге таныта алмай жатырмыз. Қазақстанның әр жері — тұнып тұрған тарих. Олар туралы интернеттен оқып, мұхит асып бізге саяхаттап келетін туристер көп, ал өзіміз ол тарихи жерлерді дұрыс білмейміз. «Таңшолпан» бағдарламасының «Тұлға» деген айдарын жүргіземін. Әр саланың адамдарымен сұхбаттаса отырып, олардың өмірі бірнеше сағат хабар дайындайтындай тарихқа толы екенін көремін. 5 минуттық эфир уақытына оның бәрін сыйғызу мүмкін емес. Театр әлемі туралы «Сахнаға сапар» деген 30 минуттық хабар да жасағанмын. Міне, осы аталған тақырыптар көрерменге қажет, халықты тәрбиелей білетін хабарлар болар еді деп ойлаймын.

Тележурналист Жазира Елшібаева
Тележурналист Жазира Елшібаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Бүгінде арамызда жоқ аса көрнекті тұлғалармен сұхбаттасып көрдіңіз, олардың арасында халық артистері, халық жазушылары, халық қаһармандары мен қоғам қайраткерлері болды. Қандай тұлғадан алған сұхбатыңыз өзіңізге ерекше әсер етті?

Кімнен сұхбат алсам да, әрқайсысының өзгеге ұқсамайтын тағдыры, айтары бар. Сондықтан сұхбаттардың әрқайсысы ерекше. Солардың ішінде Хабиба Елебековамен әңгімелескен кездерімді атап өткім келеді. Ол кісіні 100-ге келер шағында арнайы іздеп  барып, сұхбат алдым. Сонда бір сүйсінетінім – ол кісі қалжырап-қартайып отырса да, журналист барамын десе, үстіне әдемі камзолын киіп, басына ақ орамалын салып, сахнаға шығатын адам сияқты тас-түйін болып дайын отыратын. Журналисті нағыз өнердің, театрдың адамы болып, еңсесін тік ұстап, қарсы алатын. Содан кейін өзінің мамандығы туралы үлкен махаббатпен айтып беретін. Тағы таңғалдырарлығы – Хабиба Елебекова өзі жұмыс істеген кезінен бастап әр спектакльдің қай жылы қойылғанын, онда ойнаған актерларды, оның режиссерын айтып береді. Өзі Абай мен Мағжанның өлеңдерін жатқа айтатын. 100-ге келсе де, соның бәрін есте сақтағаны, қалжырадым демейтіні маған ұнайтын.

Екіншісі — балалар хирургиясының атасы Камал Ормантаевпен болған сұхбат, мерейтойына орай баланың денсаулығы, оны қалай қадағалау керек, ата-анадан не талап етіледі деген тақырыпта сұхбаттасқан едік.

Жауапкершілікті сезінгенім шығар, әр сұхбатқа барған сайын барынша ізденіп, мына сұрақты былай қойсам, дұрыс бола ма, ол кісі қалай қабылдар екен деп қобалжып барамын. Сосын сұхбат аяқталғанда әр кейіпкердің ешкімге ұқсамайтын характері, оқиғасы, айтары бар екенін түсінемін. Маған айтқан дүниесін енді көрерменге әдемілеп жеткізсем, өзіндік образын аша алсам екен деген арманмен қайтамын.

"Таңшолпан" бағдарламасының журналисі - Жазира Елшібаева
«Таңшолпан» бағдарламасының журналисі — Жазира Елшібаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Көпжылдық тәжірибеңіз бар. Сізден тәлім алған журналистер көп екені даусыз. Өзіңізден тәжірибе үйренген қандай журналистерді атар едіңіз?

Менен мына журналистер тәлім алды, мен оларды үйреттім, жетеледім деп айта алмаймын. Өзімнің де әлі үйренерім көп. Телевизиядағы 25 жылдық тәжірибемде көп студент келді. Арнайы уақыт бөліп үйретпесек те, олардың «Мен журналистиканы дұрыс таңдадым ба?» деген сұраққа жауап алып қайтқанын қаладық. Бізге тәжірибеден өтуге келген, бірге жұмыс істеген журналистерді көп жерде кездестіремін. «Сізге барып едім ғой, үйренгенім көп болды»,- деп рахметін айтып жатады. Түрін танығанмен кім едің деп есімін сұрамаймын.

Телевизияда басқа редакциялардағы сияқты қызметкерлер жиі ауысып жатады. Бірақ сіз «Қазақстан» ұлттық арнасында ұзақ жыл бойы жұмыс істеп келесіз. Дегенмен ұжымнан, бір жұмыс орнынан жалығатын кезіңіз болмай ма?

Кейде жұмыстан шаршап, бәріне қолды бір сілтеп кеткісі келетін сәттер әр маман иесінде болады. Бірақ ондай сәттер өтіп кеткен соң әдеттегідей жұмысыңды жалғастыра бересің. Мамандығыма деген сүйіспеншілік шығар, жұмыс орнымды ауыстырғым келмеді. Әйтпесе жақсы дәрежеде, көп жалақысымен әртүрлі ұсыныс болды. Сол жерлердің басшылары хабарласып, ойланып көріңіз деп жатады. Кейін «Бізге жұмысқа келесіз бе, ойландыңыз ба?»,- деп хабарласқанында «Айып етпеңіз, мен өз арнамды қимаймын, осында қаламын», — деген жауап айтамын.

«Қазақстан» арнасы мен үшін ыстық. Осында алғаш рет ассистент болып кірдім, одан режиссердың көмекшісі болдым, ары қарай еңбектенсең, телевизия өзіне тартады екен.

Жазира Елшібаева
Жазира Елшібаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Телевизия — ақпарат құралдарының ішіндегі журналисті көп қимылдауға мәжбүрлейтіні. Қауырт жұмыс барысында ұжым мүшелері жиі сөзге келіп қалуы мүмкін. Мұндай жағдайлардың өндіріске кері әсерін тигізген кезі болды ма?

Сіз атап өткен құбылыстар телевизия өмірінде күнделікті болып жатады. Бірақ мен мұндай сәттер өндіріске кері әсер етеді деп айтпас едім. Қауырт жұмыс кезінде мен де әріптестерімнің көңіліне келетін сөз айтып жатсам, кейін кешірім сұрап, арқа-жарқа боп кетеміз. Эфирге дейін жағымсыз атмосфера қалыптасуы мүмкін, бірақ эфир біткен соң, әріптестер бір-бірін түсінісіп кетеді.

Телеарнадағы шығармашылығыңыз барысында көңіліңізден шықпаған, кейін «әттеген-ай» деген жобаларыңыз болды ма?

Әлі күнге дейін 3-4-минуттық сюжеттер жақсы шығып тұрса да, өзімнің көңілім толмай тұратын сәттер болады. Сюжет эфирге берілмей тұрып, «оның формасына, болмысына сай музыка қойылды ма, қап, мына жерінде осы мәселені қосуым керек еді, қалай жіберіп алдым» деп үнемі өзімнің жұмысымды тексеріп отырамын. Әр хабар жасаған сайын мұным күшті болды, жақсы шықты десем, қате болады. Өзімнің жұмысыма үнемі көңілім толмай, бұдан да жақсырақ болуы керек еді деп ойлап тұрамын.

Жазира Елшібаева
Жазира Елшібаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазіргі тележурналистика туралы ойыңыз қандай? Жас мамандар нені білуі керек және алдыңғы буын қалай өзгеруі керек?

Қазір мен журналистика мына бағытта дамуы керек, біздің жас журналистер осындай болуы керек деп айтсам орынсыз болады. Себебі ХХІ ғасыр — ақпараттық технологиялардың дамыған заманы. «Айшылық алыс жерлерден көзді ашып жұмғанша жылдам хабар алғызды» деген сөз тура біздің заманды айтып тұр. Біздің журналистиканың қалай болары болашақтың еншісінде.

Тек жас журналистерге мынаны айтар едім: Журналистикада әуелі өткенімізді біліп алу керек. Біріншіден, журналист қазақ телевизиясының тарихын, бұрынғы журналистердің жүріп өткен жолын, жасаған хабарларын, атқарған қызметтерін, қай бағытта қалай жұмыс істегенін, телевизияға не қалдырғанын білуі керек.

«Таңшолпанға» келетін жастармен сөйлесе қалсаң, «Мен журналистика факультетін қызыл дипломмен бітіргелі жатырмын, тележүргізуші болғым келеді», — дейді. Журналистика факультетін бітіре салып тележүргізуші боламын деу – жаңсақ ұғым. Егер сол жастар өзінің мамандығын жақсы көрсе, теорияны үздік оқып, тәжірибеде көп нәрсе үйренсе, өз саласы туралы көп оқыған болса, жазу қабілеті, іздену қабілеті барлық талапқа сай болып тұрса, өзінен-өзі тележурналист болады. Қазір тележүргізуші деген мамандық жоқ, қазір тележурналист деген маман бар. Қалауың эфирге шығу болса, журналистика өзі сені соған алып келеді. Бұрын дикторлық деген болды. Ол кезде адамның кескін-келбетіне, үніне қарап таңдаулылар алынды. Қазір дикторлық жоқ, қазір тек тележурналист деген бар.

Жазира Елшібаева
Жазира Елшібаева. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазіргі журналистердің қандай кемшін тұстарын байқайсыз?

Кемшілік деп айтсам жастар ренжуі мүмкін. Ол кемшіліктер бұрын бізде де болған шығар. Бірақ жастарда салғырттық көп. «Мен бұл нәрсені білемін, интернеттен оқып ала саламын» деген нәрсемен көп келеді. Іздену, оқу аз. Жастарға көп іздену артық болмас еді.

Біздің төртінші билік аталуымыздың өзі бізге жауапкершілік артады. Біздің аузымыздан шыққан әр сөзді көрермен дәл солай қабылдайды. Әсіресе, радиодан дұрыс сөйлеу жағынан кемшіліктерді көп байқаймын. Эфир кезінде еркін формат ұстанғысы келеді де, орынсыз әзіл айтып, бір-бірін кекетіп жатады. Осындай кезде эфирде сөйлеу этикасы бұзылады.

Әңгімеңізге рахмет!