2026 жылғы 13 шілдеден бастап Қазақстанда мемлекеттік туды пайдалану тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Жаңа талаптарға сәйкес, мемлекеттік рәмізді жарнамада немесе тұрмыстық заттарда пайдалануға тыйым салынады. Тұрғындарға туды үйге, балконға ілуге және көлік салонында орналастыруға рұқсат сақталады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мемлекеттік туды қайда пайдалануға болмайды?
Үкіметтің жаңа қаулысына сәйкес, мемлекеттік туды енді:
- жарнама материалдарында;
- киім ретінде;
- төсек-орын жабдығында;
- перде ретінде;
- дастарқан ретінде;
- кілемше немесе басқа да еден төсеніштері ретінде пайдалануға болмайды.
Түсі оңған, жыртылған, кірленген немесе мыжылған туды қолдануға да тыйым салынады.
Құжатқа сәйкес, мемлекеттік ту жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тиіп тұрмауға тиіс.
Туды қай жерге ілуге болады?
Жаңа ережелер азаматтардың мемлекеттік туды пайдалану мүмкіндігін де нақтылайды.
Қазақстан азаматтары мемлекеттік туды:
- тұрғын үйлерге;
- балкондарға;
- тұрғын емес ғимараттарға;
- мереке және салтанатты іс-шаралар кезінде іле алады.
Егер ту балконға ілінсе, ол 45 градус бұрышпен бекітілуі керек.
Ал жеке тұрғын үйге ілінген ту жерден кемінде үш метр биіктікте орналасуға тиіс. Ғимарат ерекшелігі бұған сәйкес келмесе, үйдің жанына жеке ту тұғырын (флагшток) орнатуға болады.
Көлікке ту ілуге бола ма?
Жаңа талаптарға қарамастан, көлік салонында шағын мемлекеттік туды орналастыруға рұқсат сақталады.
Ережеде бұл мемлекеттік рәміздер туралы заң талаптары сақталған жағдайда жүзеге асырылатыны көрсетілген. Яғни жүргізушілер мен жолаушылар көлік ішінде шағын туды бұрынғыдай пайдалана алады.
Спортшыларға қатысты өзгеріс
Құжатқа алғаш рет спортшылар формасы мен спорт жабдықтарында мемлекеттік ту бейнесін пайдалануға мүмкіндік беретін норма енгізілді.
Бұл өзгеріс спорт жарыстарында Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін қолдану тәртібін нақтылай түседі.
Ережелер қашан заңды күшіне енеді?
Жаңа талаптар Қазақстан Үкіметінің 2026 жылғы 26 маусымдағы №556 қаулысымен бекітілген.
Қаулы 2026 жылғы 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Мемлекеттік туды қорлағандар қандай жазаға тартылады?
Қазақстан заңнамасына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлау қылмыстық жауапкершілікке жатады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабына сәйкес, мемлекеттік туды, елтаңбаны немесе әнұранды қасақана бүлдіру, өртеу, жырту немесе олардың қадір-қасиетін қорлайтын өзге де әрекеттерге:
- 3000 АЕК-ке дейін айыппұл;
- сол мөлшерде түзеу жұмыстары;
- 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
- екі жылға дейін бас бостандығын шектеу;
- немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге, сондықтан ең жоғары айыппұл мөлшері 12 975 000 теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін мемлекеттік туды балконға ілуге рұқсат беретін жаңа ережелер туралы жазған едік.
