Жеңіс Қасымбек пен Елжан Біртанов Президентке есеп берді

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жеңіс Қасымбек Президентке өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жөнінде есеп берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев облыстағы тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмекті белгілі бір санаттағы азаматтарға беру және көмек алатын еңбекке жарамды адамдарды жұмыспен қамту қажет екенін айтты.

Кездесуде туризм кластерін қалыптастырудың перспективалары, Ұлытау ауданында жол инфрақұрылымын салу және Балқаш көлі аймағы мен Қарқаралы ауданында туризм саласын жаңғырту мәселелері де талқыланды.

Президент Қарағанды облысында көктемгі су тасқынын болдырмау үшін дайындық жүргізуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елжан Біртанов
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елжан Біртанов. Фото: Akorda.kz

Министр Елжан Біртанов Мемлекет басшысына ведомствосының қазіргі жұмысы мен отандық медицинаны дамыту жөнінде есеп беріп, елімізде коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін қабылданған шаралар, халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекстің әзірлену барысы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі және ауруханаларды жаңғыртуға бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы жөнінде айтты.

Президент халыққа берілетін медициналық көмектің сапасын арттыруды және жұртшылықтың пікірін ескере отырып, денсаулық сақтау саласының жаңа кодексін әзірлеуді жалғастыруды тапсырды.