Қасым-Жомарт Тоқаев әуе билетін арзандату мәселесін көтерді

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Питер Фостер Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық әуе тасымалдаушының даму жоспары, атап айтқанда, жолаушылар тасымалының ішкі көлемін арттыру мен жаңадан ашылған шетел бағыттары және әуе билетін арзандату шаралары жайында баяндады.

Питер Фостердің айтуынша, Fly Arystan еншілес әуе компаниясын ашқаннан бері Қазақстан әлемдегі әуе тасымалы бойынша ішкі нарығы жылдам дамып келе жатқан елдердің қатарына қосылған.

Сонымен қатар ол Қазақстан Президентіне компанияның әуе паркінің жаңаланғаны, оның ішінде Boeing 757 ұшақтарының ұзақ жолға арналған Airbus А321 әуе кемесіне алмастырылып жатқаны және Boeing 787 ұшақтарын сатып алу жоспары туралы айтты.

Мемлекет басшысы «Ашық аспан» режимін одан әрі дамыту және жаңа халықаралық бағыттарды ашу, оның ішінде, Сингапур, Нью-Йорк сияқты әлемнің басқа да ірі орталықтарымен қатынас орнату маңызды екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтары үшін әуе билетін арзандату жөніндегі жұмысты жеделдетуге баса мән берді.