Ерлан Тұрғымбаев: Су тасқынына толық дайынбыз деп айтуға әлі ерте

Қазақстанда 609 елді мекенді, автожолдардың 675 және теміржолдың 259 учаскесін су басу қаупі бар. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев алдағы су тасқынына дайындық мәселесі қаралған Үкімет отырысында айтты. 

Ерлан Тұрғымбаев
Ерлан Тұрғымбаев. Фото: ІІМ баспасөз қызметі

Министрдің мәліметінше, бүгін – 25 ақпанда республика бойынша су тасқыны кезеңіндегі азаматтық қорғанысқа арналған “Көктем-2020” командалық-штабтық оқу-жаттығу шарасы басталды.

“Қазгидрометтің” ақпараты бойынша елімізде жауған қар мөлшері нормадан жоғары. Оның үстіне, апта сайын қар көп түсіп жатыр. Әсіресе, Нұр-Сұлтанда, солтүстік, шығыс аймақтарда жағдай қиын. Елімізде 609 елді мекенді, 675 автожол және 259 теміржол учаскесін су басу қаупі бар. Жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 8 миллион текше метр қар шығарды. 13 мың тонна жанармай, 150 мың тонна құм, құм салынған 840 мың қап және 47 тонна жарылғыш зат қорын дайындады. Төтенше жағдайлар резервінде 34 миллиард теңге қарастырылып отыр. Эвакуация жағдайына арнап 1 007 бекет дайындалды, маршруттар жаңартылып, қажет көліктер бөлінді. Жергілікті әкімшіліктер шатыр, төсек-орын мен азық-түлік дайындады. Ішкі істер органдарынан 9 мың адам және 1 730 техника дайын, – деді Ерлан Тұрғымбаев.

Ішкі министрінің айтуынша, облыстардың кейбірі су тасқынының алдын алу бойынша жоспарланған қаржыландыру жұмыстарын орындамай келеді.

Су тасқынын болдырмау және алдын алуға арналған жол картасы іске асырылып жатыр. Өткен 3 жыл ішінде 437 елді мекен судан құтқарылды, 287 елдімекенді су басу қаупі азайды. 1000 шақырым бөгет жөнделді, 537 шақырым жағалау бекітілді. Жол картасы бойынша 900 техника алынды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының жергілікті атқарушы органдары 2 жылдан бері жоспарланған іс-шараларды орындамай келеді. Шығыс Қазақстан облысында 2019-2020 жылдарға қаржы бөлінбеген. Ал Павлодар облысында былтыр қаржыландыру мүлдем қамтамасыз етілмеген. Ал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тек 37% қаржы жұмсалған. Сондықтан су тасқынына толық дайынбыз деп айтуға әлі ерте, – деді министр.

Ерлан Тұрғымбаевтың мәлімдеуінше, өзен-көл жанында отырған тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру бойынша жоспарланған іс-шаралар да орындалмай жатыр.

Қазір осы жұмыс Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында жүргізіліп жатыр және Ақтөбе облысында басталды. Қауіпті аймақта 170 мыңнан астам ғимарат бар, көпшілігі Алматыда және Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қызылорда облыстарында. Бұл – өте шығынды іс-шара, сондықтан 2019 жылы жоспарланған 91 іс-шараның 36-сы іске аспай қалды. Салдарында 16 мыңнан астам тұрғыны бар 33 елді мекенді су басу қаупі бар. Ол Ақтөбеде және Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарында, – деді Ерлан Тұрғымбаев.