Онда репродукция, трансплантология, екпе салу, темекінің балама түрлерін тыю мәселелері көтеріледі.

Дәрігер, «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті және кодекс жобасын талқылау бойынша жұмыс тобының мүшесі Бақыт Түменова халық денсаулығы туралы кодекске қатысты өз ұстанымын айтты.

Мен адамдардың барлық мәселеде таңдау құқығы болуға тиіс деп есептеймін. Адамдар өз іс-әрекеті үшін саналы түрде жауапты болуы керек және кодексті қабылдау кезінде қоғамның барлық тобының пікірін ескерген абзал, — дейді ол.

Бақыт Түменованың айтуынша, алкоголь мен темекіні саналы түрде пайдаланатын адамдарға бұл әдеттерден арылу өте қиынға соғады. Оларға бұл әдеттер түрлі ауруға себеп болады деп айту пайдасыз.

Сондықтан мен әрқашан зиянды азайту тәсілін қолдануды ұсынамын, біз зияны мейлінше аз балама ұсынып, өмір сүру сапасын жақсарта отырып, әр адамның таңдау құқығын құрметтей аламыз, — дейді дәрігер.

Бақыт Түменова ақпанның басында Парижде жұқпалы емес аурулардың қауіп факторларын азайту жөніндегі халықаралық ғылыми конференция өткенін айтты. Онда әлемнің барлық елінен медицина қызметкерлері мен ғалымдар дұрыс тамақтанбаудың, қозғалыссыз өмір салтының, темекі шегу мен алкогольдің жағымсыз әсерін азайту жолдарын жан-жақты талқылаған. Ғалымдар фастфуд, қызыл ет, қант, тұз бен алкогольді тұтынуды азайту және құрамында омега-3 қанықпаған май қышқылы бар азық-түлікті көп пайдалану қажет екенін айтты. Мамандар электрон темекіге қатысты да мәселе көтерген. Бақыт Түменова қатерлі ауру қаупін азайту үшін шылымқорларға темекінің балама түрлеріне көшуді ұсынатын дәрігерлерді қолдайтынын айтты. Ол Париж конференциясында айтылған пікірлерге жеке-жеке тоқталды.

Мен онколог ретінде пациенттерімді темекіні тастауға үндеймін, бірақ олар мұны істей алмаса, оларға басқа балама ұсынуым керек. Біз зиян әдеттен бас тартамын деп сәтсіздікке ұшыраған пациенттерді қолдауға тиіспіз. Адамдар темекі шегу денсаулыққа зиян екенін біле тұра оны тастай алмайды. Мәселен, өкпе обыры бар адамдардың 64%-і әлі де темекіні тастар емес, — деген Франциядан келген профессор Дэвид Хаят.

Профессор темекінің зиянын азайту үшін пациенттеріне электрон темекі қолдануға көшуге кеңес берген. Себебі дәрігерлердің міндеті темекіні емес, рак ауруын жою деп есептейді.

Бақыт Түменова сол сияқты Ноттингем университетінің респиратор медицина жөніндегі кеңесшісі, темекі мен алкогольді зерттеу орталығының директоры профессор Джон Бриттонның вейпинг жөнінде айтқан пікіріне қолдау білдірді.

Джон Бриттон: Вейпингінің темекі шегуден бас тартудың тиімді құралы екеніне сенімді дәлел жоқ. Бірақ ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдайтын никотин алмастыру терапиясына қарағанда анағұрлым тиімді екенін көрсететін клиникалық сынақтардың дәлелі бар, — деген.

Бақыт Түменованың айтуынша, пульмонолог Анджей Мариуж Фал болса, Польша қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің зерттеуін жариялаған, онда никотиннің қазіргі заманғы баламаларының ағзаға уытты әсері дәстүрлі темекімен салыстырғанда 10 есеге дейін төмен екені айтылған.

Каир университетінің пульмонология профессоры Тарик Сафват АҚШ-тың Тағам өнімдері мен медикаменттер сапасына санитариялық қадағалау жүргізу жөніндегі басқармасының (FDA) талдауына сүйеніп, «IQOS канцерогендерді 90%-ке дейін азайтып, ұзақмерзімді созылмалы аурулардан қорғайды» деп отыр.

Ресей онкология қоғамының президенті, медицина ғылымдарының докторы Давид Заридзе де темекіні қыздыру жүйесі «өкпе рагынан болатын өлім-жітімді азайтады» деген тұжырымды қолдапты.

Ұлыбританияның есірткі жөніндегі DrugScience ұйымы «Темекі шегетіндер санын азайтуға мүмкіндік беретін кез келген радикал әдіс — дүниежүзі бойынша денсаулық сақтау саласы бағындыратын жаңа белес» деп мәлімдеген.

Бақыт Түменова барлық сарапшының пікірі бір жерден шықты деп отыр, яғни шылымқорлар үшін темекі шегуге қатаң тыйым салу дұрыс емес, оларға темекінің зияны аз баламаларына көшуге рұқсат беру керек.