Министр Зайсан ауданындағы жағдай жөнінде түсінік берді

Министрдің айтуынша, «шекарадағы ауруханаларға Қытай азаматтары емделуге жатқызылады» деген ақпарат жалған.

Бүгінде ұшақ немесе автобус арқылы жолаушылар тасымалы тоқтатылды, бірақ екі ел арасында түрлі коммерциялық, транзиттік тауар тасымалданып жатыр. Сол тауарларды таситын жүргізушілердің көбі — біздің азаматтар. Олар да елге қайтқысы келеді. Коронавирусқа байланысты қауіпсіздік шаралары үшін жүргізушілер шекарадан өте сала оларды жақын маңдағы ауруханаларда тексеруіміз қажет. Ал «Қытай азаматтары келіп жатыр» деген ақпарат шындыққа жанаспайды, — деді Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Министрдің айтуынша, Зайсан ауданында шекарадан өткен азаматтарға арналған бақылау стационары бар, ол — бөлек ғимарат.

Қазір Шығыс Қазақстан облысының әкімі Зайсан ауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп жатыр. Мысалы, таңертең екі рет кездесті. Ол жерде жеке ғимаратта шекарадан өтетін азаматтардың денсаулығын бақылауға арналған 20 орын бар. Ол аурухана қазір бос тұр. Біз сол ауруханада шекарадан өткен Қазақстан азаматтары мен Қазақстанда келісімшарт бойынша жұмыс істейтін Қытай азаматтарының денсаулығын тексереміз. Ол адамдар тұрғындармен кездеспейді, — деді Елжан Біртанов.

19 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы Сарытерек және Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары ереуілге шыққан. Оларды «шекара маңындағы ауылдар ауруханаларына Қытай азаматтары емделуге жіберіледі» деген ақпарат алаңдатқан. Әлеуметтік желілерде тараған видеода адамдар медицина пунктінен төсек-орынды сыртқа алып шығып жатыр, тараған ақпаратта тұрғындардың Қытайдан келген азаматтардың жергілікті ауруханаларға жатқызылуына қарсы екені айтылады.