Басты бетЖаңалықтар"Рухани жаңғыру"...

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының 3 жылы қорытындыланды

Ұлттық комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылып жатқанына биыл 3 жыл толғанын айтты.

3 жылға жуық уақытта елеулі жұмыс атқарылып, нақты жобалар жүзеге асырылды. Сонымен бірге қоғамдық пікір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жақында жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласындағы рухани бағыттар осы бағдарламамен табиғи сабақтастық табуын қолдап отыр, — деді Қырымбек Көшербаев.

Мемлекеттік хатшы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазіргі Қазақстан мәдениеті мен білімінің, ғылым мен археологияның және басқа да түрлі бағыттың дамуына едәуір серпіліс бергенін айтты.

Қазіргі таңда алты бағыт бойынша 13 арнайы жоба іске асырылып жатыр. Жасыратыны жоқ, бірқатар жоба нәтижелі жүргізілсе, кейбірі көздеген межеден шыға алмай отыр. «Туған жер» жобасы аясында демеушілерден 2019 жылы 60 миллиард теңгеге жуық қаражат тартылды. 889 нысан салынды. 631 нысан күрделі жөндеуден өтті. Қаржыландырудың ең көп көлемі Маңғыстау, Алматы, Атырау, Қызылорда және Ақмола облыстарының үлесінде. Бұл көрсеткіштер Қазақстандағы бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді, — деді ол.

Қырымбек Көшербаев «Ауыл — ел бесігі» жобасы бойынша алдағы 3 жылда іске асырылатын шараларға Үкімет республикалық бюджеттен 90 миллиард теңге қарастырғанын айтты. Оның 30 миллиард теңгесі 2019 жылы бөлініп, 53 ауылда 452 инфрақұрылым жобасы іске асырылды.