Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң зорлау, браконьерлік, мал ұрлығы, есірткі тарату, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау және қорықшылар қызметі инспекторларының өміріне қол сұғу, мас күйде көлік жүргізу және басқа да ауыр қылмыстар бойынша жауапкершілікті қатайту туралы Президент тапсырмасын орындауға бағытталған.
Сонымен қатар заңда бала асырап алуға жәрдем көрсету жөніндегі ұйымдардың жұмыс істеуіне құқықтық жағдай жасауға, шетелдіктерді міндетті тіркеудің күшін жоюға, қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған нормалар көзделген.
Жаңа заң бойынша зорлау орташа ауырдан ауыр қылмыс қатарына ауыстырылады. Бұл бап бойынша тараптардың ымыраласуына жол берілмейді. Балаларға қатысты жасалған зорлау қылмысы аса ауыр қылмыс деп танылады. 14 жасқа дейінгі балаларды зорлағандарға 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Балалардың мамандандырылған мекемелерінде тәрбиеленушілерге қатысты жыныстық зорлық жасалғанын жасырған қызметкерлер мен басшыларға қатысты жаза да қатаяды. Зорланған балалардың ата-анасы мен қамқоршыларына да осындай жауапкершілік қарастырылады. Әйелдерге қатысты қылмыспен және педофилиямен бірге мал ұрлығы бойынша да айыпталушы мен жәбірленушінің ымыраласуына тыйым салынады. Көлікті мас күйінде жүргізгендерге 10 жылға бас бостандығынан айыру немесе көлік жүргізу құқығынан өмір бойы айыру жазасы беріледі. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне теміржол көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану, газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» аталатын заңдарға да қол қойды.