Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Бүгін парламент мәжілісінің соңғы отырысы өтті

ҚР Парламенті ғимараты. Фото: Inbusiness.kz

Не болды?

Астанада Мәжілістің VIII шақырылымының қорытынды отырысы өтті. Ерлан Қошанов депутаттардың осы сессиядағы жұмысын қорытындылап, негізгі нәтиже жайлы айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Отырыс барысында депутаттар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келісімді, сонымен қатар экология және экономика саласына қатысты заң жобасын қарады. Мәжіліс төрағасы бүгінгі жиынның VIII шақырылымдағы соңғы отырыс екенін атап өтті.

Парламент жұмысының қорытындысын 30 маусым күні мемлекет басшысы шығарады. Сондықтан дәстүр бойынша бүгін осы сессиядағы қызметімізді қысқаша қорытындылағым келеді. 1 шілдеден бастап Қазақстан жаңа дәуірге қадам басады. Депутаттар осы тарихи кезеңнің заманауи заңнама негізін қалыптастыруға тікелей қатысты, – дейді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, сессия барысында 40 пленарлық отырыс өтіп, онда 334 мәселе қаралған. Палата қарауында 190 заң жобасы болып, олардың әрбір үшіншісі депутаттардың бастамасымен әзірленген. Нәтижесінде мемлекет басшысы мәжілістің ұсынған 110 заңына қол қойды. Сонымен қатар жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалып, депутаттар 400-ден астам сауал жолдап, үкіметтің жауабын қараған. Бұдан бөлек, халықпен 1200-ден астам кездесу ұйымдастырылды.

1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енеді. Заң бойынша енді елдің заң шығарушы жүйесі қос палаталы парламенттен бір палаталы Құрылтай форматына көшеді.

Контекст

Естеріңізге салайық, жаңа құрылтайдың алғашқы сайлауы тамыз айына жоспарланған.

Мақалаға реакция