Президент балаларға зорлық жасағандардың жазасын қатайтатын заңға қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың сайтында жарияланды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Азаматтық іс жүргізу және Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстеріне және халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы, сонымен бірге неке және отбасы туралы заңдарға түзету енгізуді қарастырады.

Қылмыстық кодекске енгізілетін түзетулер бойынша кәмелетке толмағандарды зорлау мен оларға жыныстық сипаттағы зорлық әрекетін жасағандардың жазасы ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жолымен қатаңдатылады. Статистика бойынша соңғы бес жылда елімізде 4 740 бала зорлық-зомбылық құрбаны болған.

Бұл заң осы баптармен сотталғандардың педагогтық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге қатысты лауазымдарды иеленуіне өмір бойы тыйым салуды да қарастырады. Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Бұған дейін бұл заңның жобасын Сенат мақұлдаған еді.

Заң жобасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндетін орындамаудан келеңсіз салдарға себеп болған жағдайлармен байланысты заңбұзушылықтар туралы норманы қосады, бұл жазаның қайтымсыздығы қағидасының іске асырылуына мүмкіндік береді. Екіншіден, білім беру, денсаулық сақтау немесе халықты әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің кәмелетке толмағандардың немесе соларға қатысты қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар әрекет пен әрекетсіздік жасау деректерін құқық қорғау органдарына хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіліп отыр, — деді Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова сол кезде.

2 сәуірде Қазақстан Президенті «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңға да қол қойды.