Қасым-Жомарт Тоқаев полиция жұмысындағы кемшіліктерді атады

Қазақстан Президенті Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ішкі істер министрлігінің алдына құқықбұзушылықтарға төзімсіздік қалыптастыру туралы міндет қойғанын айтты.

Полицияның жұмысы қоғамның жіті назарында. Сіздердің қызметтеріңіз ел азаматтарының мүдделерімен және қауіпсіздігімен тығыз байланысты. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің жұмысы айқын әрі жүйелі болуы керек. Полиция ашық болуы тиіс. Бұл үшін халықпен тығыз байланыс қажет. Осы мақсатта біз Елбасы бастаған құқық қорғау жүйесіндегі реформаны жалғастырамыз. Реформаның негізгі міндеті — қазақстандықтардың құқықтарын қорғау ісін мүлтіксіз қамтамасыз ету, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміз бойынша қылмыстық ахуал тұрақты екенін айтып, ішкі істер органдарының жұмысындағы кемшіліктерді атады. Олар: полиция мен қоғамның арасындағы өзара тиімді іс-қимылдың болмауы, мал ұрлығы, ұялы телефондар мен автомобиль бөлшектерінің қолды болуына байланысты алдын алу жұмысының қажетті деңгейде болмауы, есірткі бизнесіне қарсы күрестің әлсіз болуы және тағы басқа. Мемлекет басшысы жол апатынан болатын өлім-жітім көрсеткішін азайту қажеттігіне, құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларына, азаматтарымызды табиғат апаттарынан және төтенше жағдайлардан қорғау жұмысын күшейтуге ерекше назар аударды.

Полицияға қойылатын негізгі талап — тиімді жұмыс. Ал оның тиімділігін бағалаудағы басты шарт — халықтың сенімі. Тұрғындар полицейлердің дөрекілігі мен біліксіздігіне байланысты жиі шағым айтады. Кейбір жағдайларда полиция қызметкерлерінің өздері заңды бұзады, әсіресе, жол ережелерін сақтамайды. Ішкі істер министрлігі жүргізіліп жатқан реформалар аясында тәжірибелі әрі адал кәсіби мамандарды сақтап қалудың кешенді шараларын қарастыру қажет. Сонымен бірге жас кәсіби мамандарды іріктеу барысында олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетіне баса назар аудару керек, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев шетел туристерімен жұмыс істеу үшін арнайы мамандандырылған жеке бөлімдерге қатысты шаралардың орынды екенін атап өтіп, шетелден келген азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағымды инвестициялық климат қалыптастырудың аса маңызды шарты екенін айтты.

Президент өз өмірін қауіпке тігетін, өзге адамдарға көмек қолын созатын қатардағы полицейлерге алғыс білдірді, мемлекет тарапынан Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне және олардың отбасына лайық қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың есебін тыңдаған соң жүктелген міндеттерді орындау үшін бұқаралық ақпарат құралдарының, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдалана отырып, жүйелі жұмысты жолға қоюды, ал Үкіметке министрліктің жұмысын қажетті ресурстармен қамтамасыз етуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев алқа отырысында берілген тапсырмалар Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік кеңесі хатшылығының ұдайы назарында болатынын айтты.