Зорлық жасағандар енді жәбірленушімен ымыраға келе алмайды

Қазақстанда зорлау қылмысы бойынша тараптардың ымыраға келу процедурасына тыйым салынады. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Мәжіліс отырысында айтты.

Енді зорлау мен жыныстық зорлық-зомбылықтың жазасы күшейтіледі. Зорлау орташа ауыр қылмыстан аса ауыр қылмыс түріне жатқызылады. Бұл жерде тараптардың ымыраға келу процедурасы болмайды. Балаларға қатысты жасалған осындай қылмыс та аса ауыр қылмысқа жатқызылады. 14 жасқа толмаған балаларды зорлағандарға 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы беріледі, — деді Марат Ахметжанов қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамаға енетін түзетулер туралы.

Балалардың мамандандырылған мекемелерінде тәрбиеленушілерге қатысты жыныстық зорлық жасалғанын жасырған қызметкерлер мен басшыларға қатысты жаза да қатаяды. Зорланған балалардың ата-анасы мен қамқоршыларына да осындай жауапкершілік қарастырылады. Марат Ахметжанов әйелдерге қатысты қылмыспен және педофилиямен бірге мал ұрлығы бойынша да айыпталушы мен жәбірленушінің ымыраласуына тыйым салынатынын айтты.

Еске салайық, қыркүйек айында Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет екенін айтқан еді.

ДереккөзTengrinews.kz