Мұғалімдер жалақысы келер жылдан бастап 25% көбейеді

ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеті «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы бойынша кеңейтілген отырыс өткізді. Отырыста Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов заңның қабылдануымен бірге мұғалімдердің жалақысы қалай көбейетінін айтты.

Тамыз мәслихатында Мемлекет басшысы берген тапсырма аясында алдағы 4 жылда мұғалімдердің жалақысы 2 есе өседі. Бұл — келесі жылдан бастап педагогтардың жалақысы 25% ұлғаяды деген сөз, — деді министр.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, заң жобасында материалдық ынталандырудың мұғалімдердің білігін арттыруға бағытталған нормалары қарастырылып отыр. Олар: класқа жетекшілік ету мен дәптер тексеру үшін 2 есе көлемде үстемеақы төлеу, педагог шеберлігі мен тәлімгерлік үшін үстемеақы төлеу, барлық педагог үшін еңбек демалысын 56 күнге дейін ұзарту және тағы басқа.

Мектеп мұғалімдерінің сапа потенциалын арттыруды ынталандыру мақсатында магистр дәрежесі бар қызметкерлерге 10 АЕК көлемінде үстемеақы да төленеді.

ДереккөзZakon.kz