Кипр Жерорта теңізінің дәл ортасында орналасқан. Бұл ел көпшілік үшін жазғы демалыс, көгілдір жағажайлар мен жайлы қонақүйлер елі ретінде таныс. Алайда бұл аралды жақынырақ таныған сайын оның туристерге ұсынары теңіз бен күн сәулесінен әлдеқайда көп екенін түсіне бастайсың. Кипр Республикасының туризм министрлігінің арнайы шақыруымен ұйымдастырылған баспасөз туры аясында аралдың ең көрікті өңірлерін аралап шығудың сәті түсті.
Baribar.kz тілшісі төрт күн ішінде Айя-Напаның әйгілі жағажайларында болып, Лефкараның шілтер тоқитын шеберлерімен танысты, ЮНЕСКО тізіміне енген көне қоныстарды аралап, таулы ауылдардың тыныс-тіршілігін көріп қайтты.

Алматыдан Ларнакаға дейін: Кипрге жол бұрынғыдан да жақын
Сапар Алматы халықаралық әуежайынан басталды. Таңғы рейске отырғанымызбен, ұшақ ішіндегі жайлылық ұзақ жолды сездірмеді. Кейінгі уақытта Air Astana компаниясының Алматы мен Астанадан Ларнакаға тікелей рейстер ашуы Кипрді Қазақстан азаматтары үшін бұрынғыдан әлдеқайда қалта көтеретін бағытқа айналдырды. Бұрын бұл елге жету үшін бірнеше мәрте ауысып мінуге тура келсе, қазір бар болғаны бес-алты сағат ішінде Жерорта теңізінің жағалауына табан тірейсіз.
Ұшақта ұсынылған таңғы ас та сапардың жағымды басталуына әсер етті. Air Astana мен Sandyq мейрамханасының бірлесіп дайындаған мәзірінен таңғы ас жеп, шырын ішіп отырған сәтте алда күтіп тұрған әсерлі күндерді ойлайсың.

Терезеден көрінген бұлт арасымен ұшып келе жатқанда Қазақстаннан мыңдаған шақырым алыста орналасқан аралдың қандай болатынын елестетіп үлгересің.

Кипр Қазақстаннан екі сағат артта. Сондықтан уақыт айырмашылығына бейімделу аса қиын емес. Ларнака әуежайына қонған сәтте күннің жарығы, теңізден соққан жылы леп пен оңтүстікке тән ерекше атмосфера бірден сезіледі.

Бізді әуежайдан Кипр Туризм министрлігінің өкілдері – гид Лариса мен жүргізуші Такис қарсы алды. Бұл екі маман төрт күн бойы бізге аралдың тарихын, мәдениетін, тұрғындарының тұрмысын таныстырып, әр өңірдің ерекшелігі туралы қызық дерек айтып беріп отырды.
Айя-Напаға алғашқы сапар
Ларнакадан шыққан соң бірден Айя-Напаға жол тарттық. Кипрдің тағы бір артықшылығы – арал шағын екені. Сондықтан бір қаладан екінші қалаға жетуге көп уақыт құртпайсыз. Әуежайдан шыққан соң көп ұзамай теңіз жағалауымен созылған көркем жол басталып кетті. Терезеден бірде ақ түсті қонақүйлер, бірде көгілдір шығанақтар көрінеді.

Айя-Напа бүгінде Кипрдің туристік брендіне айналған қалалардың бірі. Бұрын шағын балықшылар ауылы болған мекен бүгінде миллиондаған турист келетін халықаралық курортқа айналып отыр. Әсіресе жаз мезгілінде бұл жерде әлемнің түкпір-түкпірінен келген демалушыларды кездестіруге болады.

Түскі асқа Isola Beach Bar & Restaurant мейрамханасына бардық. Әлеуметтік желіде көп шығатын бұл орынның суретін көргенде оның неге сонша танымал екенін толық түсіне бермейсің. Алайда сол жерге өзің барған кезде бәрі түсінікті болады. Ақ құм, көгілдір теңіз, жағалауға қатар қойылған орындықтар мен ерекше интерьер көз тартады. Бір қарағанда бұл жер арнайы Instagram үшін жасалғандай көрінеді.

Бір қызығы, жергілікті тұрғындардың ойынша, мұндағы тамақ мөлшері аз көрінеді. Соған сеніп, сақтық үшін қосымша тағамдарға да тапсырыс бердік. Алайда дастарқанға алғашқы тағамдар келе бастағанда-ақ қателескенімізді түсіндік. Мұндағы порциялар керісінше өте үлкен екен. Тойымды, өте дәмді әрі әр тағамның безендірілуі көздің жауын алады. Соңында бәрін тауыса алмай қалған кездеріміз де болды.
Теңізге қарап отырып ішкен түскі ас Кипрмен алғашқы таныстықтың ең сәтті кездерінің біріне айналды.

Көгілдір жағалаудың ең әсерлі мекендері
Түскі астан кейін аралдың ең әйгілі табиғи аймақтарының бірі Кейп Греко ұлттық паркіне бардық. Бұл жер Кипрдің табиғи символдарының бірі. Биік жартастар мен көгілдір теңіздің түйіскен тұсы ерекше көрініс ұсынады. Әлемнің түрлі елінен келетін туристер дәл осы жерде суретке түсіп, табиғаттың ерекше туындысын тамашалау үшін барады.

Алғашқы аялдамамыз «Мүсіндер паркі» болды. Бұл жер қарапайым саябақтан гөрі ашық аспан астындағы үлкен өнер галереясын еске салады. Жүздеген заманауи мүсін теңізге қараған жартас үстіне қойылған. Әр туындының пішіні, мағынасы мен идеясы әртүрлі болғандықтан, саябақта серуендеген сайын жаңа дүние байқай бастайсың. Мұнда Кипр ғана емес, әлемнің әр елінен келген мүсіншілердің жұмысы қойылған. Сондықтан бұл орын халықаралық заманауи өнер кеңістігіне айналған деуге болады.
Ең қызығы – мұнда табиғат пен өнер бір-бірін толықтырып тұрғандай әсер қалдырады. Бір жағында көгілдір Жерорта теңізі көз жеткенше созылып жатса, екінші жағында жел мен күнге шыңдалған ақ түсті мүсіндер ерекше үйлесім тапқан. Кейбір мүсіндердің үстіне шығып, теңізді тамашалауға болады.

Кейп Греко ұлттық паркіндегі келесі аялдамамыз – Айя-Напаның ең танымал орындарының бірі «Махаббат көпірі» болды. Бұл жерді бұған дейін әлеуметтік желіден, туристік буклеттерден талай көргенімізбен, шынайы көрінісі мүлде басқаша әсер етті. Автобустан түсе сала алыстан көзге шалынған ақшыл түсті жартас біртіндеп теңізге қарай иіліп, табиғаттың өзі тұрғызған алып көпірге ұқсап көрінді. Миллиондаған жыл бойы жел мен толқынның әсерінен әктасты жыныстар шайылып, дәл осындай ерекше пішінге айналғанына сену қиын. Бұл жерге келген әр адам алдымен ұзақ үнсіз тұрып, табиғаттың сұлулығын тамашалайды, содан кейін ғана қолына телефонын алып, сол сәтті суретке түсіруге асығады.
Бұл жер неліктен «Махаббат көпірі» деп аталады?
Жергілікті тұрғындар арасында бірнеше аңыз сақталған. Соның ең көп тарағаны – ғашықтар осы көпірдің үстінде тұрып бірге тілек тілесе, олардың махаббаты мәңгі болады деген сенім. Ал жалғыз келген жандар жүрегінен шыққан ақ тілегін айтып үлгерсе, өмірінде үлкен өзгеріс болады деп сенеді. Аңыздың қаншалық рас екенін ешкім дөп басып айта алмаса да, күн сайын мұнда ондаған жұп келіп, бірге суретке түсіп жатқанын көргенде, бұл орынның адамдар үшін ерекше мәні бар екенін түсінесің.
Ларисаның айтуынша, жаз айларында күн батар алдында бұл жерде суретке түсуді күтіп тұрған жұптар кезекке тұра бастайды екен. Себебі дәл осы уақытта күннің алтын түсті сәулесі жартастарға түсіп, айналаны ерекше түске бөлейді.
Біз де көпірдің үстіне шығып, айналаны ұзақ тамашаладық.

Одан кейін Айи Анаргири шіркеуіне жол тарттық. Ақ түсті шағын шіркеу көгілдір теңіздің фонында ерекше көрінеді. Бұл жердің фотосуреті Кипр туралы жарнама материалдарында жиі қолданылады. Сондықтан бұл жерге зияратшылар ғана емес, фотографтар мен жас жұбайлар да жиі келеді.
Шіркеу қасиетті емші ағайындылар – Косма мен Дамианға арналған. Православие дәстүрінде олар «Анаргирлер» деп аталады. Бұл сөз грек тілінен аударғанда «еңбегі үшін ақы алмайтындар» деген мағынаны білдіреді. Аңыз бойынша, олар адамдарды емдеп, ешқашан қызметі үшін ақы алмаған. Сол себепті халық арасында ерекше құрметті болған.



Жерорта теңізіне алғаш шомылу
Қонақүйге жайғасқан соң кешкі асқа дейін бос уақыт болды. Бұл мүмкіндікті пайдаланып, жағажайға қарай беттедік. Кипрге келген адамның теңізге түспей кетуі мүмкін емес сияқты.
Жерорта теңізінің суы таңғаларлықтай жылы әрі таза екен. Толқын да аса қатты емес. Су тұзды болғанымен, денені ерекше жеңілдетіп жібереді. Жағажайда түрлі елден келген туристер демалып жүр. Бірі кітап оқып жатса, енді бірі күнге қыздырынып жатыр. Балалар құмнан қамал жасап жүр.

Жағалау бойымен ұзақ серуендеген сайын бұл аймақтың неге сонша танымал екенін түсіне бастайсың. Көз жеткен жердің бәрінде ашық көк түске боялған теңіз, ұқыпты жағажайлар мен демалыс орындары орналасқан.

Кипрдің дәмін танытқан кешкі ас
Кешкі ас ішуге әйгілі Vassos Fish Tavern мейрамханасына бардық. Бұл орын теңіз өнімдерін дайындаумен танымал. Мейрамханаға кірген сәттен бастап Жерорта теңізінің атмосферасы сезіледі.

Дастарханға тағам бірінен кейін бірі келіп жатты. Асшаян, кальмар, сегізаяқ, жаңа ауланған балықтар мен түрлі теңіз тағамы ұсынылды. Әр тағамның дәмі ерекше. Кипр асханасының басты ерекшелігі де осында шығар: олар өнімнің табиғи дәмін құртпай дайындауға тырысады.
Кеш барысында Кипр туризм министрлігінің маркетиң және туристік нарықты дамыту жөніндегі маманы Жорж Минаспен кездестік. Ол аралдағы туризмнің бүгінгі жағдайы мен болашағы туралы айтып берді.
Көпшілік Кипрде тек жағажай демалысы бар деп ойлайды. Алайда біздің басты артықшылығымыз – туристер бір күннің ішінде бірнеше түрлі әсер ала алады. Таңертең теңізге шомылып, түсте көне археологиялық ескерткіштерді аралап, кешке таулы ауылдардың бірінде жергілікті тағамнан дәм татуға болады, – дейді Жорж Минас.

Оның айтуынша, Қазақстаннан келетін туристер жыл сайын артып келеді. Ал тікелей рейстердің ашылуы бұл көрсеткішті одан әрі көбейтпек.
Кипрдегі алғашқы күніміз осылай аяқталды. Қонақүйге қайтып келе жатқанда теңіз жағалауындағы шамдардың жарығы су бетіне шағылысып тұрды. Алда бізді аралдың көне тарихымен таныстыратын, дәстүрлі ауылдарын көрсететін және Кипрдің басқа қырын ашатын тағы екі күн күтіп тұрған еді.
Екінші күн. Ежелгі өркениеттен заманауи Лимассолға дейін


Кипрдегі екінші күніміз таңғы теңіз самалымен басталды. Протарастағы At Herbal Hotel қонақүйінің терезесінен сыртқа көз салған сәтте Жерорта теңізінің көгілдір суы тағы да назарды өзіне аударды. Бір күн бұрын ғана алғаш көрген жағалау азанда мүлде басқа қырынан көрінеді екен. Күн сәулесі су бетіне енді ғана түсіп жатқандықтан, теңіз түсі көк пен жасылдың арасындағы ерекше реңкке боялып тұрды. Қонақүй аумағында таңғы тыныштық орнаған. Бірен-саран турист қана серуендеп жүр. Ал бізді аралдың тағы бір бөлігімен таныстыратын жаңа бағыт күтіп тұрды.
Таңғы астан кейін жолға жиналып, Айя-Напаға қайта аттандық. Бұл жолы мақсатымыз – қаланың ең танымал мәдени нысандарының бірі «Таласса» муниципалдық музейін көру. Айя-Напа көпшілікке жағажайларымен танылғанымен, қаланың тарихы мен мәдениетін танытатын орындар да аз емес. Солардың ішіндегі ең маңыздысы – дәл осы музей.

Теңіз тарихын сақтаған «Таласса»
Музей ғимаратына кірген сәттен бастап оның қарапайым көрме залы емес екені байқалады. Экспозициялардың басым бөлігі Кипрдің теңізбен байланысына арналған. Арал халқы үшін теңіз жай табиғи ресурс емес, мыңдаған жыл бойы өмір салтының, сауда-саттықтың және мәдениеттің ажырамас бөлігі болып келген.

Музейдің ең құнды жәдігерлерінің бірі – біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырдағы ежелгі сауда кемесінің көшірмесі. Бұл кеме Кипр жағалауында табылған тарихи олжалар негізінде қайта жасалған. Бірнеше қабат биіктігіндей алып ағаш кеме музейдің орталық бөлігінде орналасқан. Оның жанына келгенде ежелгі теңізшілердің қандай қиын жағдайда сапар шеккенін еріксіз елестетесің.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, дәл осындай кемелер арқылы Кипрден Жерорта теңізінің басқа өңірлеріне шарап, зәйтүн майы, мыс және басқа да тауар жеткізілген. Ал кері бағытта түрлі мәдениет пен өркениеттің ықпалы тиген.

Музей қызметкері экскурсия барысында:
Кипрдің бүкіл тарихын теңізсіз елестету мүмкін емес. Аралдың өркендеуі де, сырт әлеммен байланысы да ғасырлар бойы теңіз арқылы жүзеге асты. Сондықтан «Таласса» музейі тек теңіз тарихын емес, Кипр тарихын баяндайды, – деді.
Экспозициялардың арасында ежелгі амфоралар, теңіз түбінен табылған артефактілер, көне құралдар мен археологиялық жәдігерлер де қойылған. Сонымен қатар Жерорта теңізінің флорасы мен фаунасына арналған бөлім ерекше қызық.

Бұл жерде алып тунецтер, қылышбалықтар, дельфиндер мен сирек кездесетін теңіз тасбақалары туралы ақпарат берілген. Кипр маңындағы теңіз экожүйесі — Жерорта теңізіндегі ең бай аймақтардың бірі. Құстарға арналған бөлімде аралға қыста ұшып келетін қоқиқаздар мен басқа да құстардың түрі таныстырылған.
Туристер үшін музей билеті, шамамен 4 еуро тұрады. Кипрге келген адам үшін бұл жерге соқпай кету үлкен олқылық болар еді.

Лефкара: шілтер тоқылған тарих
Айя-Нападан шыққан соң Лимассолға жол тарттық. Лариса жол бойы бізге Кипр өңірлері туралы түрлі қызық мәлімет айтып отырды. Бір қызығы, арал шағын болғанымен, әр аймақтың ерекшелігі бар. Кейбір ауылдар шарабымен танымал болса, енді бірі қолөнерімен немесе ауыл шаруашылығы өнімдерімен белгілі.
Жолай Лефкара ауылына тоқтадық.




Лефкараны көпшілік Кипрдің ең көрікті ауылдарының бірі дейді. Мұнда келген сәтте бұл пікірге келіспеу қиын. Тас төселген тар көшелер, гүлге оранған үйлер мен көне сәулет ауылға ерекше көрік береді. Көшеде серуендеп келе жатқанда есік алдындағы орындықта отырып алып, шілтер тоқып отырған әжелерді көп көрдік.
Дәл осы өнер Лефкараны әлемге танытқан.
Ауылдың тарихын айтқанда міндетті түрде Леонардо да Винчи есімі аталады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әйгілі суретші XV ғасырда Кипрге келген кезінде Лефкара шеберлерінің жұмыстарын көріп, олардың бір бөлігін сатып алған. Кейін сол шілтердің бірі Миландағы атақты Дуомо соборында пайдаланылған деген аңыз бар.
Бұл оқиғаның тарихи дәлдігі туралы пікірлер әртүрлі болғанымен, Лефкара тұрғындары бұл әңгімені ерекше мақтанышпен айтады.

«Бір шілтердің артында айлар бойғы еңбек жатыр»
Лефкарада Rouvis Lace and Silver дүкеніне кірдік. Бұл жер тек сауда орны емес, қолөнердің сақталып қалған шағын мұражайы секілді әсер қалдырады.
Дүкен иесі Димос Рувис бізді қарсы алып, шілтер тоқу өнерінің ерекшелігі туралы айтып берді.
Кейбір жұмысты аяқтауға бірнеше ай кетеді. Ал үлкен дастархан немесе күрделі өрнектерден тұратын туынды тоқуға бір жылдан астам уақыт жұмсалатын кез болады. Мұның бәрі қолмен жасалады. Сондықтан әр бұйым – жеке еңбек, жеке тарих, – деді ол.


Оның айтуынша, бүгінде бұл өнерді жалғастырып жүргендер азайып барады.
Ең жас шеберіміздің өзі 60 жастан асқан. Сондықтан бұл өнерді болашақ ұрпаққа жеткізу маңызды мәселе болып тұр, – дейді Димос Рувис.
Дүкеннен шыққан соң тағы біраз уақыт ауыл көшелерінде серуендедік. Мұнда асығатын ешкім жоқ. Уақыт баяу сырғып жатқандай әсер қалдырады.
Тоғыз мың жыл бұрынғы адамдар мекені
Лефкарадан кейін бағытымыз ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Хирокития археологиялық кешеніне қарай жалғасты.


Бұл орын — Кипрдегі ең маңызды тарихи нысандардың бірі. Ғалымдардың пікірінше, мұнда адамдар, шамамен тоғыз мың жыл бұрын өмір сүрген.
Кешен аумағында жүргізілген археологиялық қазбалар неолит дәуіріндегі адамдардың тұрмысы туралы құнды мәлімет берген. Туристерге арналған арнайы қалпына келтірілген үйлер арқылы сол кезеңдегі өмірді көзбен көруге болады.


Дөңгелек пішінді үйлердің ішіне кіргенде қазіргі заманнан мыңдаған жылға алыстап кеткендей әсер аласың. Адамзат өркениетінің алғашқы кезеңдері дәл осы жерлерде өткеніне сену қиын.
Кіру билеті, шамамен 2,5 еуро тұрады. Алайда бұл жерден алған әсер әлдеқайда құнды.
Осыдан кейін бізді тағы бір қызық кездесу – дәстүрлі кипр тағамдарымен танысу күтіп тұрды.
Тохни: дәстүр сақталған ауылдағы түскі ас
Хирокитиядан шыққан соң көп ұзамай Тохни ауылына жеттік. Кипрдегі көптеген шағын ауыл сияқты бұл мекен де бір қарағанда қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда дәл осындай ауылдар аралдың шынайы болмысын көрсетеді. Мұнда қарбаласып жатқан турист жоқ, биік қонақүйлер мен үлкен сауда орталықтары да кездеспейді. Оның орнына ғасырлар бойы сақталған өмір салты, тастан қаланған үйлер мен ауыл тұрғындарының қарапайым тіршілігі көзге түседі.

Тохниге келгенде күн де әбден қыза бастаған еді. Таңнан бері бірнеше тарихи және мәдени нысанды аралағандықтан, түскі астың уақыты да жеткен болатын. Біз тоқтаған орын – Tochni Tavern мейрамханасы. Бұл жер туристерге арналған кәдімгі тамақтану орны ғана емес, кипрлік дәстүрлерді таныстыратын ерекше мекен екен.
Бізді қарсы алған аспаздар алдымен ұлттық тағамдардың қалай дайындалатынын көрсетті. Кипр асханасы ғасырлар бойы қалыптасқан грек, түрік және жергілікті дәстүрлердің үйлесімі болғандықтан, мұндағы әр тағамның тарихы бар. Солардың бірі – пуреккия. Бұл іші түрлі салмамен толтырылатын дәстүрлі бәліш түрі. Сонымен қатар кипрлік равиолидің жасалу жолын көрдік.

Қамырдың қалай иленетіні, қалай жайылып, ішіне салма салынатыны кезең-кезеңімен түсіндірілді. Осы кезде әріптесіміз Александр аспаздардың шақыруымен асүйге шығып, пуреккия дайындап көруге бел буды. ол бірнеше минуттан кейін-ақ қамыр жайып, салма салып жатқанда бәріміз қызыға бақылап тұрдық. Аспаздар оның әр әрекетін әзілмен түсіндіріп, көңілді атмосфера қалыптастырды.
Сапар барысында дәл осындай сәттер ерекше есте қалады екен. Өйткені турист ретінде тек тамақ жеп кетпей, оның қалай дайындалатынын көріп, сол елдің мәдениетіне жақындай түсесің.

Шеберлік сабағынан кейін дастархан кең жайылып, ұлттық тағамдардан дәм таттық. Жаңа дайындалған пуреккия, түрлі ет тағамы, көкөністер, зәйтүн мен жергілікті ірімшіктер ұсынылды. Тағамның бәрі үйде пісірілгендей тура. Дәмінде артық қоспа жоқ, бәрі табиғи өнімдерден әзірленген.
Тохнидегі тағы бір қызық жайт – мейрамхананың жанында шағын отбасылық қонақүй орналасқан. Бұл жер қала өмірінен шаршаған адамдар үшін таптырмас демалыс орны секілді көрінді. Мұнда таңертең құстардың дауысымен оянып, кешке ауыл көшелерінде серуендеп, тыныштық рахатын сезінуге болады.


Лимассол: Кипрдің заманауи келбеті
Түскі астан кейін Лимассолға қарай жолға шықтық. Айя-Напа мен Протарас жағажайларымен танымал болса, Лимассол — Кипрдің іскерлік, мәдени және туристік орталығы. Бұл қала аралдағы ең заманауи өңірлердің бірі ретінде дамып келеді.
Жол бойы терезеден қараған сайын Кипрдің табиғаты өзгеріп отырғанын байқайсың. Бір жерде жүзімдіктер созылып жатса, енді бір жерде зәйтүн бақтары көрінеді. Бірнеше сағат бұрын ғана ежелгі қоныстар мен дәстүрлі ауылдарды аралап жүргенімізді ескерсек, дәл осындай аз уақыт ішінде мүлдем басқа әлемге тап болғандай әсер алдық.

Лимассолға кіреберістен бастап биік ғимараттар мен заманауи кешендер көзге түседі. Қала кейінгі жылдары халықаралық туризмнің маңызды орталықтарының біріне айналып үлгерген. Мұнда халықаралық компаниялардың кеңселері, сәнді қонақүйлер мен яхта мариналары орналасқан.
Parklane: сән-салтанат пен жайлылық үйлескен орын
Лимассолдағы біздің уақытша мекеніміз Parklane, Luxury Collection Resort & Spa қонақүйі болды.

Қонақүй аумағына кірген сәтте оның неге Кипрдегі ең үздік демалыс орындарының бірі саналатынын түсінесің. Кең жасыл аумақ, бірнеше бассейн, жеке жағажай және жоғары деңгейдегі сервис қонақтарды алғашқы минуттан-ақ баурап алады.
Бөлмеме кірген соң бірден балконға шықтым. Алдымда көгілдір теңіз, пальмалар және күн сәулесіне шағылысқан бассейндер көрініп тұрды. Мұндай көріністі сағаттап тамашалауға болады.

Қонақүй жақсы жерде тұрғанымен ғана емес, қызмет көрсету деңгейімен де ерекшеленеді. Мұнда демалатындар үшін барлық жағдай жасалған. Балаларға арналған арнайы аймақтардан бастап әлемдік деңгейдегі спа орталықтарына дейін қарастырылған.
Көптеген халықаралық рейтиңдерде бұл қонақүй Кипрдегі ең үздік демалыс орындары қатарында аталады. Бірнеше сағат өткізгеннен кейін мұның кездейсоқ емес екеніне көз жеткіздік.
Жағажай бойындағы ерекше кеш


Кешке қарай Nammos мейрамханасына жиналдық. Бұл орын Лимассолдағы ең танымал мейрамханалардың бірі екен. Жағажайдың дәл жанында орналасқандықтан, мұнда кешкі уақытта ерекше атмосфера қалыптасады.
Күн баяу батып бара жатыр. Жерорта теңізінің үстіндегі қызғылт-сары түсті аспан, жағалауға соғылған толқындардың дыбысы мен әуен кештің көркін аша түскендей.
Кипрдегі төрт күн ішінде көптеген мейрамхана көрдік. Алайда Nammos-тың өзіндік ерекшелігі бар екен. Мұнда жоғары деңгейдегі сервис, заманауи интерьер және теңіз көрінісі үйлесім тапқан. Дастарханға жергілікті және халықаралық асхананың үздік тағамдары ұсынылды. Теңіз өнімдері, жаңа піскен балықтар, суши, салаттар мен десерттердің әрқайсы ерекше безендірілген.

Алайда бұл кештің басты ерекшелігі тағамдар емес еді.
Кипр туризм министрімен кездесу
Кеш барысында бізбен арнайы кездесуге Кипр Республикасының туризм министрі Костас Кумис келді. Министрдің келуі біздің топ үшін күтпеген әрі ерекше жағдай болды. Әдетте, лауазымы жоғары тұлғалармен кездесу ресми форматта өтеді. Ал бұл жолы әңгіме еркін жағдайда өрбіді.
Костас Кумис алғаш кездескен сәттен бастап қарапайымдылығымен ерекшеленді. Ол әр журналиспен жеке амандасып, Қазақстаннан келген қонақтарға алғыс айтты. Министр әңгіме барысында Кипрдің туризм саласының қазіргі жағдайы мен болашағы туралы көбірек айтып берді.

Оның айтуынша, Қазақстан Кипр үшін маңызды туристік нарықтардың біріне айналып келеді.
Қазақстаннан келетін туристер саны тұрақты өсіп келеді. Біз бұл процесті жоғары бағалаймыз. Тікелей рейстердің ашылуы екі ел арасындағы байланысты бұрынғыдан да нығайтады деп сенеміз. Қазақстан азаматтары үшін Кипр тек жазғы демалыс орны ғана емес, мәдени және гастрономиялық бағыт ретінде де қызық болады деп ойлаймын, – деді Костас Кумис.
Министр Кипрдің басты артықшылығы оның көпқырлы екенін айтып өтті.
Турист бір күн ішінде теңізге шомылып, тауға барып, ежелгі тарихи орындарды аралап, кешке дәстүрлі ауылда кешкі ас іше алады. Бұл мүмкіндікті көптеген ел ұсына алмайды, – деді ол.

Әңгіме барысында виза мәселесі де сөз болды. Министр Кипр билігінің Қазақстаннан келетін туристер үшін қолайлы жағдай жасауға мүдделі екенін айтты.
Ол Кипрдің жыл бойы демалуға болатын бағыт екенін де айтып өтті. Көпшілік аралды тек жазғы маусыммен байланыстырады. Алайда көктем мен күзде мұнда күн райы өте жайлы болады, ал қыс мезгілінде Троодос тауларынан тіпті қар көруге болады.
Кеш соңында естелік суретке түсіп, министрмен қоштастық. Сол сәтте Кипрдің туризм саласының табысты болуының бір себебі де түсінікті болғандай. Мұнда туризм мемлекет үшін жай ғана экономика саласы емес, ұлттық мақтанышқа айналған.

Қонақүйге қайтып келе жатқанда Лимассолдың түнгі шамдары жарқырап тұрды. Екі күн ішінде көне дәуірден бастап бүгінгі заманға дейінгі Кипрдің бірнеше қырын көрдік. Алда аралдың тағы бір ерекше жағы – тау ауылдары, раушан гүлдерінің алқабы және шарап мәдениетімен таныстыратын күн күтіп тұр.
Кипрге жасаған саяхатымыз мұнымен аяқталмайды. Материалдың келесі бөлімінде Троодос тауларына шығып, раушан алқаптарын аралап, Милломерис сарқырамасын көріп, Омодос ауылындағы шарап мәдениетімен танысып, ежелгі Курион қаласы мен Ларнаканың көрікті жерлеріне бірге саяхат жасаймыз. Жалғасын келесі бөлімнен оқи аласыз.
***
Шахрух Ханның үйі, Пілдер аралы, Кір жуатындар кастасы. Мумбайдан не көруге болады?
