Тәжікстан Президенті 2020 жылы Нұр-Сұлтанға келеді

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың сайты хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға Қазақстан тәуелсіздігінің 28 жылдығымен құттықтағаны үшін алғыс айтты.

Әңгімелесу барысында Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері барлық сала бойынша екіжақты қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы екі ел халықаралық аренада сындарлы ықпалдастық орнатқанын айтты, — делінген хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылай отырып, 2020 жылы Қазақстан астанасында кездесуге уағдаласты.