Тәжікстан Президенті Арыстағы жарылыстан қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Арыста болған қайғылы оқиғаға байланысты Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның көңіл айту жеделхаты келіп түсті.

Едәуір шығынға және кісі өліміне әкелген Арыстағы жарылыс туралы ақпаратты күйзеліспен қабылдадым. Өзімнің және тәжік халқының атынан Сізге және қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына аман-есен оралуына тілектестік білдіремін, — делінген жеделхатта.

Тәжікстан Президенті Қазақстан Үкіметінің шұғыл қабылдаған шараларына тоқталып, қазақстандық жасақтардың эвакуация және қайғылы оқиғаның салдарын жою кезіндегі жанкешті жұмыстарын ерекше атап өтті.