Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Кипрге тікелей рейс ашылды. Нені білу керек?

Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл
Қазақстан азаматтарына Жерорта теңізіндегі демалыс бұрынғыдан да жеңіл бола түсті. Енді Алматы мен Астанадан Ларнака қаласына тіке ұшып баруға болады. Сондықтан ұзақ транзит пен бірнеше мәрте ұшақ ауыстырудың қажеті жоқ. Алғаш рет Кипрге баруды жоспарлағандар үшін виза рәсімдеу, қай қаланы таңдау, қай жағажайға бару, қандай тағамнан дәм тату және нені алдын ала білу керек деген сұрақ туындайды.
Baribar.kz тілшісі Кипрге саяхат алдында қажет болатын ең маңызды ақпараттарды бір материалға жинақтады.

Кипр – Жерорта теңізіндегі көлемі жағынан үшінші үлкен арал әрі Еуропаның ең танымал туристік бағыттарының бірі. Географиялық тұрғыдан Азияға жақын орналасқанымен, ел Еуропалық одақтың мүшесі және ресми валютасы – еуро. Астанасы – Никосия, ал туристер ең көп баратын қалалардың қатарында Ларнака, Лимассол, Айя-Напа мен Пафос бар.

Көпшілік Кипрді тек жағажайдағы демалысы бар қала деп біледі. Алайда бұл аралдың туристерге ұсынары әлдеқайда көп. Мұнда мыңдаған жылдық тарихы бар археологиялық ескерткіштер, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысандар, көне ауылдар, тау бөктеріндегі жүзім алқаптары, әлемге әйгілі шарап зауыттары, ерекше тағам мен Жерорта теңізінің қайталанбас табиғаты тоғысқан.

Қазақстаннан Кипрге қалай жетуге болады?

Қазақстаннан Кипрге барудың ең қолайлы жолы – Air Astana компаниясының Алматы мен Астанадан Ларнака қаласына қатынайтын тікелей рейстер. Ұшу ұзақтығы — шамамен, бес–алты сағат. Енді бұрынғыдай бірнеше қалада аялдап, ұзақ күтіп отырудың қажеті жоқ.

Air Astana, ұшқыш
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жазғы маусымдағы тікелей рейстердің кестесі мынадай:

  • Алматы → Ларнака – бейсенбі және жексенбі күндері ұшады. Рейстер 2026 жылғы 4 маусымнан 6 қыркүйекке дейін орындалады.
  • Астана → Ларнака – сейсенбі және сенбі күндері ұшады. Рейстер 2026 жылғы 2 маусымнан 5 қыркүйекке дейін орындалады.

Кипрдің негізгі халықаралық әуежайлары – Ларнака мен Пафос. Қазақстаннан қатынайтын тікелей рейстер Ларнакаға қонады. Әуежайдан кейін Лимассолға, шамамен 45–50 минутта, Айя-Напаға 40–45 минутта, ал Никосияға бір сағатқа жуық уақытта жетуге болады. Арал шағын болғандықтан, қалалар арасындағы жол көп уақыт алмайды.

Кипр уақыты Қазақстаннан екі сағат артта. Сондықтан алғашқы күні уақыт айырмашылығына бейімделу де қиын болмайды.

Виза керек пе?

Қазақстан азаматтарына Кипрге бару үшін виза қажет. Оны Кипрдің визалық орталықтарынан рәсімдеуге болады. Құжатты сапарға кемінде екі-үш апта қалғанда тапсырған жөн.

Қолыңызда жарамды екі немесе бірнеше мәрте кіруге арналған (double немесе multiple-entry) Шенген визасы болса, көп жағдайда Кипрға қосымша ұлттық виза алмай-ақ кіруге болады. Дегенмен сапар алдында талапты ресми ақпарат көзінен нақтылап алған дұрыс.

Шекарадан өткен кезде жарамды шетелдік төлқұжат, қонақүй броны, медицина сақтандыру құжаты, кері билет және қаржылық мүмкіндігіңізді растайтын құжаттар сұралуы мүмкін.

Кипрге тікелей рейс ашылды. Нені білу керек?
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Валюта және ақша төлеу

Кипрдің ресми валютасы – еуро (€). Туристік аймақтардың бәрінде дерлік банк картасы қабылданады. Қонақүйде, мейрамханада, дүкенде және қоғамдық орындарда Visa мен Mastercard карталарымен төлеуге болады.

Дегенмен шағын ауылдардағы кәдесый дүкендері немесе жергілікті базарларда қолма-қол ақша қажет болуы мүмкін. Сондықтан жаныңызда аздаған еуро алып жүргеніңіз дұрыс.

Кипрде шайпұл міндетті емес. Алайда қызмет көрсету сапасына риза болсаңыз, мейрамханадағы шоттың 5–10%-ын қалдыру қалыпты мәдениет болып кеткен.

Кипрге тікелей рейс ашылды. Нені білу керек?
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Қай мезгілде барған дұрыс?

Кипр – Еуропадағы ең шуақты елдердің бірі. Мұнда жылына 300 күннен астам күн ашық болады.

Жағажайда демалуды ұнататындар үшін ең қолайлы кезең – мамырдан қазан айының соңына дейін. Осы уақытта теңіз суы жылы әрі жүзуге өте қолайлы.

Көктем мен күз – аралды аралап, тарихи орындарды көруге ыңғайлы мезгіл. Ауа райы қоңыржай болып, көп серуендеуге мүмкіндік береді. Ал қыс айларында Троодос тауларына қар жауып, тіпті шаңғы тебуге де болады.

Кипрдің ең әдемі 10 орны

Кипрге барған кезде міндетті түрде көруге болатын орындардың қатарында Айя-Нападағы Cape Greco ұлттық паркі, табиғаттың өзі жасаған Love Bridge, теңіз жағасындағы Айи Анаргири шіркеуі, әлемге әйгілі Лефкара ауылы, ЮНЕСКО тізіміне енген Хирокития қонысы, Лимассол жағалауы, Омодос ауылы, Агростағы раушан алқаптары, Курион ежелгі қаласы және Ларнакадағы Әулие Лазар шіркеуі бар.

Кипрге тікелей рейс ашылды. Нені білу керек?
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Бұл орындардың әрқайсы Кипрдің табиғатын, мәдениетін мен тарихын әр қырынан танытады.

Қай қонақүйді таңдауға болады?

Жайлы әрі деңгейі жоғары демалысты қаласаңыз, Лимассолдағы Parklane, a Luxury Collection Resort & Spa – ең үздік таңдаулардың бірі. Қонақүйдің жеке жағажайы, бірнеше бассейні, заманауи SPA орталығы, балалар аймағы және Жерорта теңізіне қараған кең аумағы бар.

Ал тыныш жағажай демалысын қалайтындарға Протарастағы At Herbal Hotel қолайлы. Қонақүй теңізге жақын және тыныш атмосферасымен ерекшеленеді.

Міндетті түрде дәм татып көру керек тағамдар

Кипр асханасы грек және Жерорта теңізі тағамдарының үйлесімімен ерекшеленеді. Мұнда міндетті түрде халлуми ірімшігін, дәстүрлі мезе мәзірін, пуреккияны, кипрлік равиолиді және жаңа ауланған теңіз өнімдерін татып көру керек.

Тағы бір ерекшелігі – мейрамханалардағы тамақ мөлшері тойымды. Бір тағамды екі адам бөлісіп жеуге болатын жағдайлар жиі кездеседі.

Кипрге тікелей рейс ашылды. Нені білу керек?
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Көлік жалдау және жол қозғалысы

Кипрде көлік сол жақпен жүреді. Бұл – Ұлыбританияның бұрынғы отары болған кезеңнен сақталған жүйе. Сондықтан көлік жалға алатын туристер алғашқы күндері ерекше мұқият болғаны жөн.

Аралдағы жолдардың сапасы жақсы, ал қалалар арасындағы қашықтық аз болғандықтан, автокөлікпен саяхаттаған өте ыңғайлы.

Интернет, eSIM және байланыс

Турист үшін ең ыңғайлы шешім – eSIM қолдану. Осылайша, Кипрге қонған сәттен бастап интернетке қосылып, карталарды, мессенджерлерді және әлеуметтік желілерді еркін қолдануға болады.

Қонақүйлердің, мейрамханалардың және көптеген қоғамдық орынның бәрінде дерлік тегін Wi-Fi бар.

Туристерге пайдалы кеңес

  • Розетка Ұлыбритания стандартындағы G типіне жатады, сондықтан адаптер қажет болуы мүмкін.
  • Жазда күн өте ыстық болғандықтан, күннен қорғайтын крем мен бас киім алған дұрыс.
  • Аралдың ресми тілдері – грек және түрік тілдері, бірақ туристік аймақтардың басым бөлігінде ағылшын тілінде еркін сөйлейді.
  • Су қйған бөтелке алып жүрген жөн.
  • Жергілікті тұрғындар өте қонақжай әрі туристерге көмектесуге дайын.
Кипрге тікелей рейс ашылды. Нені білу керек?
Фото: Baribar.kz/Жазира Пірімқұл

Неге дәл Кипрге барамыз?

Кипр – бір сапарда бірнеше түрлі демалысты қатар ұсынатын сирек елдердің бірі. Мұнда таңертең көгілдір теңізге шомылып, түсте тоғыз мың жылдық тарихы бар археологиялық ескерткішті аралап, кешке тау бөктеріндегі жүзім алқабында жергілікті шараптың дәмін татуға болады.

Тікелей рейстердің ашылуы бұл бағытты Қазақстан азаматтары үшін бұрынғыдан да жеңіл етті. Жағажай демалысын тарихпен, табиғатпен және гастрономиялық әсерімен үйлестіргіңіз келсе, Кипр – тамаша таңдау.

Мақалаға реакция