Қасым-Жомарт Тоқаев: Бізге артта қалып қоюға мүлдем болмайды

Қасым-Жомарт Тоқаев Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетіне барды. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы оқу орнының білім беру және ғылым-зерттеу жұмысымен танысып, оқытушылармен, студенттермен әңгімелесті.

Университет ректоры Ақылбек Күрішбаев Президентке молекула биологиясы мен ген инженериясының қазіргі заманғы әдістерімен шығарылған ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын көрсетті. 5 жыл ішінде жоғары оқу орнының ғалымдары бидай мен арпаның құрғақшылыққа төзімді жаңа сорттарын шығарған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа биоорганикалық тыңайтқыш өндіру процесінде жаңа технологияны қолдану, ветеринария жүйесін цифрландыру, жануарларды есепке алу процесі жайында да мәлімет берілді.

Мемлекет басшысы сонымен бірге жерді пайдалану процесін ғарыштан бақылауға мүмкіндік беретін және жерді қашықтықтан зондтаудың заманауи әдістерімен танысты. Бұл әдістер Ақтөбе және Ақмола облыстарында қолданылып жатыр. Президент мұндай тәжірибені өзге өңірлерде де пайдалану қажет екенін айтты.

Ақылбек Күрішбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа университеттің әлемдегі жетекші ғылым және білім орталықтарымен байланыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, жоғары оқу орны Францияның AgroParisTech университетімен бірге қосдипломдық білім беру жүйесіне көшу туралы жол картасын іске асырып жатыр.

Студенттермен әңгімелесу барысында Президент озық технологияларды қолдану туралы айтты.

Сіздер өте маңызды іспен айналысып жатырсыздар. Робот техникасы, цифрландыру және жасанды интеллект — қазіргі заман талабы, әсіресе дамыған елдерде. Сондықтан бізге артта қалып қоюға мүлдем болмайды. Жақсы оқысаңыздар, сіздер де міндетті түрде келешекте өз орындарыңызды табасыздар. Өйткені білікті мамандар бізге жеке секторға да, мемлекеттік секторға да қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Студенттер Президентке қолдау көрсеткені және 2020 жылдың қаңтарынан бастап стипендия көлемін 25% арттыруға тапсырма бергені үшін алғыс айтты.