Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкіміне қандай тапсырмалар берді?

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесте әкімдер жұмысының негізгі көрсеткіші инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жағдай жасау және экологияны қорғау екенін еске салды.

Алматының атқарар ролі өте маңызды. Қалада басқа өңірлерге үлгі болатындай көп жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен қаланы әрі қарай дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту күн тәртібінен түспейтін міндет екенін ұмытпағанымыз жөн, — деді Мемлекет басшысы.

Президент оңтүстік астананы дамытудың нақты міндеттерін айтты. Бизнес пен инновацияны дамыту есебінен қала экономикасының өсімін жоғарылату — басты міндет. Мемлекет басшысының айтуынша, қаланың индустрия аймағында 33 компания тіркелген және оларға 156 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған. Индустрия аймағы құрылған 7 жыл ішінде небәрі 6 жаңа кәсіпорын іске қосылған, биыл 1 шағын зауыт қана жұмыс істей бастаған. Сол себепті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкіміне индустрия аймағына, әсіресе жоғары технологиядан тұратын және экспортқа бейімделген жаңа жобалар тартуға кеңес берді.

Мемлекет басшысы қалада жетекші университеттер шоғырланғанын және ғылым мен кадр потенциалы жақсы екенін айтты. Ол «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономика аймағының әлеуетін пайдалануды, қаладағы бизнес ахуалын жақсартуды және инвестиция тартымдылығын арттыруды тапсырды.

Еліміздегі ірі қалалардың, жалпы еліміздің инвестиция және туризм бойынша тартымдылығын шынымен арттырғымыз келсе, жуық арада шетелдіктерді көші-қон полициясы органдарында міндетті тіркеу сияқты анахронизмнен құтылу керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, кәсіпкерлерге жүргізілген сауалнама нәтижесіне қарағанда Алматы көп көрсеткіш бойынша — жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігі, сыбайлас жемқорлықтың таралуы, тексерулердің негізділігі жөнінен артта қалып келеді. Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсету мен кедергілерді алып тастау міндеті қала әкімдігінің мойнында қала беретінін жән Алматы еліміздің басты іскерлік орталығы мәртебесін сақтауға тиіс екенін айтты.

Мемлекет басшысы тамақ, әсіресе нан мен ет өнімдерін қымбаттатуға жол бермеуді, жұмыссыздық проблемасын шешуді, медицина қызметін жақсартуды, жалпы білім беретін мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын жоюды тапсырды.

Біз Алматыны халықаралық бизнес және туризм орталығы ретінде көрсетеміз. Сондықтан қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру жөніндегі барлық жұмыс халықаралық стандарттарға сай бейімделуге тиіс. Ең бастысы, азаматтарға қалада өмір сүру қолайлы әрі жайлы болуы керек. Бұған үйге баратын жолдың болуы, әлеуметтік инфрақұрылымның жақын әрі қолжетімді болуы, сапалы ауызсумен, газбен, үздіксіз электр қуатымен және жылумен қамтамасыз етілуі сияқты бірқатар фактор әсер етеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент көшелерді жарықтандыру, аулалардың жағдайын жақсарту, арық жүйесінің жұмысын реттеу жөніндегі проблемаларды шешу үшін қала әкімдігіне тапсырма берді.

Күн сайын Қаскелең, Қапшағай, Талғар жағынан және Құлжа күрежолы арқылы қалаға 200 мыңнан астам автомобиль келеді. Содан Алматыда, әсіресе таңертең және кешкі уақытта кептеліс болады. Бұл проблеманы автожолдарды қайта салу және кеңейту арқылы ғана емес, метро желілерінің санын арттыру және қала мен іргелес аудандарды қосатын қоғамдық көлікті дамыту арқылы шешу қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Алматының сейсмология жағынан белсенді аймақта орналасқанын айтты.

Қала тұрғындары соңғы селді жақсы біледі. Бұл — халықты алаңдатып отырған мәселе. Қалада сел қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете отырып, Ақсай және Аюсай шатқалдарында бөгет салу жұмысын бастау қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық көлікті газға және басқа да жанармайдың экологиялық түрлеріне көшіруді аяқтауды, қаланың жеке секторларын және қала маңы аймағын газдандыруды, ағаштарды, алма бақтарын заңсыз отау мәселесіне бақылау орнатуды, қаланы көгалдандыру мен Алматы апортын қалпына келтіруді тапсырды. Президент Көкжайлау тау шаңғысы курортын салу мәселесіне нүкте қойды.

Бұл мәселеге орала бермеу үшін осы жобамен айналысуға тыйым саламын. Оның үстіне, барлық кәсіби эколог та бұған қарсы шығып отыр, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мегаполистің туризм потенциалын дамыту қажет екенін айтты. Ол туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасында Алматы өңірінің тау кластері басым бағыт болып белгіленгенін айтты.

Үкімет пен қала әкімдігіне таулы аймақтардың жоспарын жүзеге асыру ісін бастауды тапсырамын. Бұл жоба 2 миллиард доллардан астам инвестиция тартып, кемінде 30 мың жұмыс орнын аша алады. Бұл ретте барлық шешім халықтың пікірін ескере отырып қабылдануы қажет екеніне назар аударамын, — деді Президент.

Мемлекет басшысы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды.

Өкінішке қарай, Алматы қылмыс деңгейі бойынша елімізде бірінші орында тұр. Бұл жерде ұрлық пен бұзақылықтың үлесі басым. Тіпті қала тұрғындары бұл жағдайды қылмыс жайлап алғандай қабылдайды. Бұл — қала тұрғындарын толғандыратын басты мәселелердің бірі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бүгін Алматыға келіп, «Жаңа Алматы» бағдарламасымен танысты, балалар үйі тәбиеленушілеріне пәтер кілтін табыс етіп, Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңеске қатысты. Tech Garden инновация кластерінің жұмысымен, Инвестиция үйінің тыныс-тіршілігімен танысты, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетіне баруды жоспарлаған. Ол сапары барысында Алматыдағы резиденциясында бірнеше адаммен де кездеседі.