Қасым-Жомарт Тоқаев 12 жасөспірімге пәтер кілтін табыс етті

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Алматы — 2050» даму стратегиясының жобасын таныстырды.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл бағдарлама бойынша Алматыны әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың тұрмысын жақсарту, қауіпсіз қала қалыптастыру, шаһардың шеткері аймақтарының инфрақұрылымын дамыту және басқа да көптеген маңызды мәселе атқарылады. Алматы агломерациясы аумағын дамыту да қарастырылған.

Сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев баспана кезегінде тұрған асыраушысы жоқ 12 балаға пәтер кілтін табыс етті.

Баршаңыздың жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Баспана мәселесі әрдайым мемлекеттің назарында болады. Еңбектеріңіз табысты болсын! — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пәтер кілтін табыс етті
Фото: Akorda.kz

Алматының «Көкқайнар» ықшамауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспанаға мұқтаж барлығы 51 адамға тұрғын үй салынып жатыр.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапарымен келді.