Не болды?
Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков балаларға арналған сапалы қазақтілді контенттің аз екенін айтып, TikTok, YouTube және Instagram-ға бақылауды күшейтуді ұсынды. Депутат сауалын мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Депутаттың айтуына қарағанда, жазғы демалыс кезінде жасөспірімдер әлеужеліде әдеттегіден де көп уақыт өткізеді. Салдарынан желі алгоритміне, қысқа бейнежазба мен онлайн ойынның ықпалына еріп кетеді.
Қазір баланың дүниетанымын мектептен гөрі TikTok қалыптастырып отырғанын мойындауымыз керек, – дейді Исабеков.
Депутаттың пікірінше, қазақ тіліндегі мультфильмдер, танымдық платформалар, ғылыми-ағартушылық бағдарлама мен балаларға арналған медиажобалар әзірге жаһандық контентпен бәсекелесе алмай отыр.
Мәжілісмен балалардың ойлау қабілеті бір мезеттік болып кеткенін, мәдени құндылығымыздың әлсіреп бара жатқанын айтты. Сонымен қатар баланың психикасына кері әсер етуі мүмкін контент те бақыланбайтынын жеткізді.
Қазіргі ақпарат дәуірінде мемлекеттің шекарасы тек аумақпен ғана емес, ақпарат кеңістігі арқылы да қорғалады, – дейді Данабек Исабеков.
Осыған байланысты депутат үкіметке балаларға арналған қазақтілді цифрлық контентті дамыту стратегиясын әзірлеп, жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігін күшейтуді ұсынды. Сонымен қатар қазақтілді анимация, балалар киносы мен ағартушылық медиажобалар қолдауды қажет ететінін айтты.
Контекст
Балаға қазақша контент ұсынатын Топ-3 УouTube-арнаны ұсынамыз.
