Талғар мен Қаскелеңнен Алматыға электр пойыздары қатынайды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен кездесуде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев еңбек көші-қонының ең көп ағыны Талғар мен Қаскелең бағытында екенін айтты.

Оның айтуынша, проблеманы шешуге электр пойыздарына арналған теміржол құрылысы көмектеседі.

Сізден Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына әкімдікпен бірге осы маңызды жобаны жасап, оны кезең-кезеңмен жүзеге асыруды бастауды тапсыруыңызды сұраймыз. Алматы — Ұзынағаш бағыты бойынша электр пойыздарының саны артты. Жаңа жылдан бастап Қапшағай бағытын бастаймыз, — деді Бақытжан Сағынтаев.

Кездесуде 2022 жылға дейін Алматыны айналып өтетін теміржол салынуы мүмкін екені де айтылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, қазіргі уақытта теміржолдағы жүк тасымалының өте жоғары өсімі байқалып отыр. Ол Алматы станциясы арқылы Қытай мен Орталық Азия елдеріне өтеді.

Бізде бір жылда өсім 20% болып отыр. Осыған байланысты министрлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолданып, Алматыны айналып өтетін теміржол желісін салу жобасын әзірлеп жатыр. Бұл бізге тасымалдау уақытын екі күнге қысқартуға, Алматы станциясының жүктемесін 40% азайтуға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары 2020-2022 жылдары басталады деп жоспарланып отыр. Өйткені 2025 жылы Алматы арқылы 17 миллион тонна транзит жүгі өтуі керек, — деді Бейбіт Атамқұлов.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға екі күндік жұмыс сапарымен келген еді. Президент алғашқы күні балалар үйінің тәрбиеленушілеріне пәтер кілтін табыс етіп, Tech Garden инновация кластерінің, Инвестиция үйінің және әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің жұмысымен танысуды жоспарлаған, келесі күні Алматыдағы резиденциясында бірнеше кездесу өткізеді.

ДереккөзTengrinews.kz