Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Тоқаев қоғамдық қауіпсіздік мәселесі бойынша бірқатар тапсырма берді

Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдап, елдегі криминогендік ахуал мен құқық қорғау органдарының жұмысы туралы есеп тыңдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақорданың мәліметінше, Ержан Сәденов 2026 жылғы алғашқы бес айының қорытындысы бойынша тіркелген қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға азайғанын баяндады. Оның айтуынша, негізгі санаттар бойынша құқықбұзушылық деңгейі төмендеп, қылмыстарды ашу көрсеткіші артқан.

Министр қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқықбұзушылықтың алдын алу шараларына ерекше назар аударылып отырғанын айтты.

Сонымен қатар ведомство жазаның бұлтартпас қағидатын жүзеге асыру жұмыстарын жалғастырып келеді. Есепті кезеңде өткен жылдары жасалған 1685 қылмыс ашылып, соттан жасырынған 574 қылмыскер ұсталған. Олардың 89-ы шетел аумағында анықталған.

Кездесуде ішкі істер министрі киберқылмысқа, есірткі қылмысына, ұйымдасқан қылмысқа және экстремизмге қарсы күрес нәтижелері туралы да ақпарат берді. Сонымен қатар қылмыстық топтардың әрекетін тоқтату, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды.

Кездесу қорытындысында президент қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты іске асыру жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді.

Мақалаға реакция