Алматыда есірткі өндіретін астыртын зертхана жұмыс істеп келген

ҚР ҰҚК мамандарының мәліметінше, астыртын зертхананың өнімі мессенджерлер арқылы саудаланған.

Синтетика есірткі
Тәркіленген өнім. Фото: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы бойынша департаменті синтетика есірткісін дайындайтын жасырын зертхананы жойды.

Комитеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыда зертхананы ашқан “А” деген тұрғын 24 қазан күні жедел іздестіру шарасы кезінде ұсталды. Жасырын зертханадан 2 келіге жуық синтетика есірткі (балама түрде 2 мың дозаға жуық) мен 526 литр прекурсор тәркіленіп, сот-химия сараптамасына жіберілді. Дайын психотроп заттар Telegram және VIPole мессенджерлеріндегі интернет дүкендер арқылы сатылған.

Ұсталған азаматтың тұрғылықты жерінен есірткі сататын ірі интернет дүкендердің бірі – “Алтын Орда” логотипі бар визит карточкасы мен оттық табылды.

Аталған факті бойынша ҚР ҰҚК Алматы бойынша департаменті ҚК 297-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғады. Ұсталған адам тергеу изоляторына орналастырылып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, – деп хабарлады ҚР ҰҚК сайты.

Комитеттің баспасөз қызметі ұлттық қауіпсіздік органдары арнайы операцияны Алматы прокуратурасымен бірге жүргізгенін және прокуратура операция барысында заңның сақталуын қатаң қадағалағанын хабарлады.