Астанада премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалығымен үкімет жанындағы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөніндегі комиссияның жаңартылған құрамдағы алғашқы отырысы өтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдар жетекшілері және тіл саласындағы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Отырыста мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру, 2023–2029 жылдарға арналған тіл саясаты тұжырымдамасын жүзеге асыру, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту және қазақ тіліндегі контент үлесін арттыру мәселелері қаралды. Сонымен қатар Қостанай облысы мен Шығыс Қазақстан облысы өңірлерінде тіл туралы заңнаманың орындалу барысы талқыланды.
Комиссия мүшелері тілдік дағдыларды қалыптастыруда балабақша мен мектептің маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, мемлекеттік тілді оқытудың заманауи әдістерін енгізу қажеттігін айтты. Осыған байланысты әртүрлі жас санаттарына арналған лексикалық және грамматикалық минимумдарды әзірлеу, сонымен бірге оларды меңгеруге арналған цифрлық құралдарды енгізу тапсырылды. Ақпарат саласындағы есеп бойынша бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі онлайн-контенттің үлесі 78%-ға жеткен. Ал мемлекеттік тілдегі интернет-ресурстардың үлесі шамамен 60% болды. Сонымен қатар отандық телевизиялық өнімдердің 70%-дан астамы қазақ тілінде эфирге шығып жатыр, — делінген хабарламада.
Жиында қазақ тіліндегі сапалы контентке сұраныстың артып келе жатқаны, әсіресе жастар арасында цифрлық контентті тұтыну көлемі өскені атап өтілді.
Аида Балаева бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тіл талаптарының сақталуын бақылауды күшейтіп, қазақ тіліндегі контенттің сапасы мен бәсекеге қабілеттігін арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде отандық фильмдерді прокатқа шығару кезінде тілдік нормалардың сақталуын қадағалау және БАҚ-тағы тіл мәдениетін көтеру мәселелері бар.
Сонымен бірге Халықаралық қазақ тілі қоғамы бастамасымен қазақ тіліне дубляждалған Disney, Pixar және Sony Pictures студияларының балаларға арналған фильмдерін еліміздің барлық өңірінде кеңінен көрсету мәселесі көтерілді.
Отырыста жасанды интеллект жүйелерінің қазақ тілінде сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Атап айтқанда, OpenAI компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан ChatGPT моделін қазақ тіліндегі сапалы контентпен толықтыру жобасының барысы таныстырылды.
Комиссия мүшелері бұл бағыттың қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі үлесін арттыру үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
