Өнер адамдары Құрманғазы оркестрін мерейтоймен құттықтады

Оркестрді мерейтоймен Алтынбек Қоразбаев пен Айгүл Қосанова сияқты өнер майталмандары құттықтады. Бұл туралы оркестрдің Instagram-парақшасында жазылды.

Қазақстан Республикасының Халық артисі, əнші, композитор Алтынбек Қоразбаев еңбек жолын осы оркестрде домбырашы болып бастаған.

Құрманғазы оркестрінде сонау 1969-1973 жылдары домбырашы болып қызмет еткен едім. Оркестр бүкіл әлемді аралады, қазақтың брендіне айналды. Мен үшін оның орны бөлек. Оркестрдің өсіп, өркендеуіне тілектеспін, — деді Алтынбек Қоразбаев.

Қазақтың танымал дəстүрлі әншісі Айгүл Қосанова оркестрдің 85 жылдық мерейтойына арналған концертте өнер көрсетті.

Қазақтың ұлттық өнерін насихаттайтын ұжымның көрерменіне беретіні көп. Оркестрдің сахнадағы ғұмыры ұзақ болсын. Шығармашылық табыс тілеймін, — деді Айгүл Қосанова.