Не болды?
Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры сахнасында «Арайлы қала» атты жаңа балет-антиутопияның премьерасы өтеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Мемлекеттік академиялық би театры ұсынатын бір актілі қойылым көрерменді адам мен технологияның қарым-қатынасы, виртуалды әлемнің ықпалы және шынайы өмірдің құндылығы туралы ойлануға шақырады. Қойылымның қоюшы-хореографы – Лаура Мақан, музыка авторы – Олег Жевлаков. Спектакль 23 маусым күні сағат 19:00-де сахналанады.
Оқиға аптап ыстықтан қажыған қалада өрбиді. Қала тұрғындары күн сәулесінен бас тартып, оның орнына технологиялық жайлы орта мен жасанды әлемді таңдауға келіседі. Уақыт өте келе экрандар шынайы өмірді, виртуалды кеңістік табиғатты, ал алгоритм адам сезімін алмастыра бастайды.

Қойылымда классикалық балет элементтері заманауи техногенді эстетикамен ұштасып, академиялық музыка электронды дыбыстармен үйлесім табады. Спектакльде бүгінгі қоғамға тән VR-көзілдірік, цифрлық кеңістік, рейв мәдениеті мен әлеуметтік трендтер көрсетілген.
Қоюшы-хореограф Лаура Мақанның айтуынша, спектакльдің негізгі идеясы – адамның өз таңдауы үшін жауапты болуы. Қойылым көрерменге дайын жауап бермейді, керісінше шынайы өмір мен жайлы иллюзия арасындағы таңдау туралы ой қозғайды.
«Арайлы қала» – болашақ туралы қиял емес, қазіргі қоғамның беталысын бейнелейтін шығарма. Спектакль технология дамыған заманда адамзаттың табиғатпен, өз сезімімен және шынайы өмірмен байланысын сақтап қала ала ма деген маңызды сұраққа жауап іздейді.
