Димаш Құдайбергеннің продюсерлік бастамасымен ұйымдастырылған Voice Beyond Horizon халықаралық музыка жобасы мәресіне жетті. Байқауға Қазақстан, Қытай, Малайзия және өзге де елдердің өнерпаздары қатысып, көрермен назарына музыка сайысын ғана емес, Қазақстан мәдениеті мен табиғатын танытатын ерекше формат ұсынылды.
Жоба жеңімпазы Қазақстан әншісі Нұржас Садырбаевтан бөлек, Қытайдан келген Цай Ченюй мен Малайзия елінен келген үміткер Жерил Ли үздік үштікке кірді. Олар DimashNews-ке берген сұхбатында Қазақстан сапары, Димашпен жұмыс істеу тәжірибесі және қазақ халқы туралы әсерін айтып берген.
Жоба ерекшелігі
Voice Beyond Horizon жобасында әншілер Қазақстанның бірнеше өңірін аралап, тарихи орындармен, жергілікті мәдениетпен жақынырақ танысқан.
Қатысушылар Түркістандағы көне Отырар қалашығына, Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалына, Алматы облысындағы Қайыңды көліне және елордаға барды.
«Қазақстанды Димаштың Отаны деп қана білетінмін»
Қытай опера әншісі Цай Ченюй Қазақстан туралы бұрынғы көзқарасының бұл сапардан кейін толық өзгергенін айтты.
«Қазақстанды Димаштың Отаны әрі табиғаты көркем ел деп қана елестететінмін. Ал бұл сапарда қазақ халқының салт-дәстүрімен, мәдениетімен және тарихымен жақын таныстым», – деді әнші Цай Ченюй.
Ол жергілікті халықтың қонақжайлығы мен елдің тарихи мұрасы ерекше әсер қалдырғанын да жасырмаған.
Цай Ченюй финалда Қазақстан әншісі Нұржас Садырбаевпен бірге өнер көрсеткен. Ол халықаралық шығармашылық байланыс маңызды екенін айтып өтті.

«Нұржас – тамаша дос. Біз екітүрлі тілде сөйлегенімізбен, одан шынайылықты көрдім. Музыка да осы қасиетін көрсетеді. Болашақта тағы бірге жұмыс істейміз деп үміттенемін», – деді Қытай өнерпазы.
Оның айтуынша, жоба барысында әртүрлі елден келген өнерпаздар бір-бірінен көп нәрсе үйреніп, нағыз дос тапты.
Димаш туралы не деді?
Цай Ченюй Димашпен бірнеше жылдан бері таныстығын айтып, оның шығармашылығына жоғары баға берді.

«Димаш – ерекше дарын иесі. Ол кез келген музыкалық бағыттағы шығарманы жоғары деңгейде орындай алады. Ең бастысы – ол сахнада да, өмірде де өте шынайы әрі қарапайым адам», – деді Цай Ченюй.
«Қазақстанды қазірдің өзінде сағына бастадым»
Бұл – Малайзия әншісі Жерил Лидің Қазақстанға алғашқы сапары. Оның айтуынша, елдің табиғаты, мәдениеті мен адамдарының қонақжайлығы ерекше әсер қалдырған.
«Қазақстан – табиғаты ерекше көркем мемлекет. Елдің әсем пейзажы, қонақжай халқы, тағамдары мен бай мәдениеті маған үлкен әсер қалдырды. Шынымды айтсам, қазірдің өзінде Қазақстанды сағына бастадым», – деді Малайзия әншісі Жерил Ли.

Қазақстанның мәдени брендіне айналған жоба
Қытай және Малайзия әншілерінің пікірінен бір нәрсе анық: олар Қазақстаннан музыка тәжірибесін ғана емес, елдің тарихы, табиғаты және қонақжай халқы туралы жақсы әсер алып қайтқан. Ал Димаш Құдайбергеннің бұл жобасы Қазақстанның мәдени дипломатиясын насихаттайтын халықаралық алаңдардың біріне айналып келеді.
