Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан Халық партиясы төрағасы қызметінен кетті

Фото: ҚХП
Астанада Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс съезі өтті. Делегаттардың шешімімен партияның жаңа төрағасы болып Нұрсұлтан Шоқанов сайланды.

Съезде сөз сөйлеген бұрынғы төраға Ермұхамет Ертісбаев соңғы үш жылдағы жұмысты қорытындылап, партияның азаматтардың нақты мәселелерін шешуге бағытталған саяси күш ретінде нығайғанын айтты.

«Бүгінде Халық партиясы – көмек сұрап келетін орталыққа айналды. Бұл – біздің жұмысымыздың басты нәтижесі», – деп атап өтті Ертісбаев.

Оның айтуынша, VIII шақырылым басталғалы партия депутаттары Үкіметке 591 депутаттық сауал жолдап, осы уақыт ішінде партия қатарына 43 мыңнан астам жаңа мүше қосылған. Сонымен қатар партияның қоғамдық және медиакеңістіктегі ықпалы айтарлықтай артқанын атап өтті.

Басшылықтың ауысуына тоқталған Ертісбаев жаңару кез келген саяси ұйымның дамуы үшін табиғи үдеріс екенін айтты.

«Дамудың кез келген кезеңі жаңаруды талап етеді. Бұл  – табиғи процесс, онсыз алға жылжу мүмкін емес», – деп мәлімдеді Ермұхамет Ертісбаев.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстан Халық партиясының төрағасы болып Нұрсұлтан Шоқанов сайланды. Ертісбаев оның партиядағы барлық негізгі кезеңдерден өткенін, басқарушылық тәжірибесі мол екенін және әріптестері арасында құрметке ие екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Шоқанов 1986 жылы Алматыда дүниеге келген. КИМЭП-те «Қаржы» мамандығы бойынша білім алып, кейін Швейцариядағы IMD бизнес-мектебінде Executive MBA дәрежесін алған. Бұған дейін кәсіпкерлікпен айналысып, Алматы мәслихатының депутаты, Қазақстан Халық партиясының Алматы қалалық және Алматы облыстық филиалдарының жетекшісі, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

Съезд барысында делегаттар партияның жаңартылған Жарғысын және жаңа айдентикасын да бекітті. Өзгерістер партияның ішкі жұмысын жетілдіруге, тәртіпті күшейтуге және заманауи визуалды келбетін қалыптастыруға бағытталған.

Мақалаға реакция