Сонымен екі лауреат: 2018 жылдың лауреаты – поляк жазушысы және ақыны Ольга Токарчук, 2019 жыл – австриялық жазушы және драматург Петер Хандке.

Ольга Токарчук қазір 57 жаста. Алғашқы романын 1993 жылы басып шығарды және ол «Путь людей книги» деп аталды (орыс тіліне аударған К.Я.Старосельская). Мамандығы психолог болғандықтан ол шығармаларында Карл-Густав Юнгтың аналитикалық психологиясының дәстүрін жалғастырады.

Ольга Токарчук. Фото: Іnterfax.ru

Ольга Токарчук «Бегуны» (полякша Bieguni, ағылшынша Flights) романы үшін 2018 жылы Букер премиясын алған. Бұған дейін роман Польшадағы ең беделді «Нике» әдеби премиясын иеленгенін де атап өткен жөн. Букер премиясы — 50 000 фунт стерлинг және жазушы оны ағылшын тіліне аударма жасаған Дженнифер Крофтпен (Jennifer Croft) бөліскенін де еске салайық.

Тарихқа үңілсек, поляк жазушыларынан Нобель сыйлығын алғандар қатарында Генрик Сенкевич, Владислав Реймонт, Чеслав Милош және Вислава Шимборская бар.

2019 жылдың лауреаты Петер Хандке 1942 жылы дүниеге келіп, әдебиеттегі алғашқы қадамдарын 60-жылдары жасаған. Романдар, әңгімелер, өлеңдер мен пьесалардан басқа, ол киноға сценарийлер де жазған. Неміс режиссеры Вим Вендерспен көп жұмыс істеген. Оған қоса, өзі де «Женщина-левша» және «Отсутствие» деп аталатын екі фильм түсірген.

Петер Хандке
Петер Хандке. Фото: Glavred.info

Ұнамсыз жағынан оның бұған дейін Слободан Милошевичтің режимін қолдағаны үшін сынға ұшырағанын айта кетейік. Ол 2006 жылы Сербияның бұрынғы жетекшісінің жерлеуінде сөз сөйлегеннен кейін, Париждегі Comédie-Française театрындағы қойылымын болдыртпай қойған. Сол жылы жазушы Генрих Гейне премиясынан да бас тартқан.

Швед ғылым академиясының шешіміне сәйкес Петер Хандке бұл сыйлықты «ықпалды еңбектерінде адамзат тәжірибесінің шалғайы мен ерекшелігін, қыр-сырын тілдік тапқырлықпен зерттегені» үшін алды.

Нобель комитетінің хабарламасында соңғы 50 жылда түрлі жанрдағы шығармалары жарық көрген жазушы өзін соғыстан кейінгі Еуропаның ең беделді жазушысы ретінде танытты делінген.

Ольга Токарчуктің шығармалары:

  1. «Бегуны»;
  2. «Дом дневной, дом ночной»;
  3. «Правек и другие времена»;
  4. «Путь Людей Книги»;
  5. «Последние истории»;
  6. «Диковинные истории»;
  7. «Человек, который не любил свою работу»;
  8. «Игра на разных барабанах» (сборник).

Петер Хандкенің шығармалары:

  1. «Страх вратаря перед одиннадцатиметровым». Повести (сборник);
  2. «Долгое возвращение домой»;
  3. «Учение горы Сен-Виктуар»;
  4. «Медленное возвращение домой» (сборник);
  5. «Дон Жуан»;
  6. «Мюнхенская свобода и другие пьесы» (сборник);
  7. «Детская история».

PS: Екі жазушының да шығармалары орыс тіліне аударылғандықтан шығарма атауларын осылай беруді жөн көрдік.

Дайындаған: Бақытгүл Салыхова