KITAP FEST фестивалі тұңғыш рет Нұр-Сұлтанда өтеді

25 тамызда Нұр-Сұлтанда тұңғыш рет KITAPFEST-2019 фестивалі өтеді. Кітапқұмарлар фестивалі бұған дейін тек Алматыда өтіп келген еді.

KITAP FEST-2019 аясында Нұр-Сұлтандағы «Арбатта» IBOOKYOU кітап алмасу дәстүрі ұйымдастырылады. Бұл — жеке кітапхананы түрлі жанрдағы көп қызық кітаппен толтырудың бірден-бір мүмкіндігі.

KITAP FEST

Бұл күні Жазушылар алаңында Қазақстанның ақын-жазушылары 2018-2019 жылдары жазған кітаптарын таныстырады. Шақырылған қонақтар: көрнекті пианист, Қазақстаннның халық артисі Жәния Әубәкірова, журналист, философ-мифолог, мәдениеттанушы Зира Наурызбаева, Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи драмасындағы басты рольде ойнаған актриса Альмира Тұрсын, журналист, балаларға арналған ертегілер жинағының авторы Гүлжазира Берікқызы, жазушы, продюсер, режиссер, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Айдие Айдарбеков және тағы басқалар.

Ал «Кітап оффлайн» шарасында оқырман қоғам қайраткерлерімен, журналистермен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, табысты кәсіпкерлермен танысып, кітап тақырыбындағы өзекті мәселелерді талқылай алады. Бұл пікір алаңында Өркен Кенжебек, Айна Досмахамбетқызы сияқты белгілі блогерлер, ерлерге арналған Jеff Tailor тігін ательесінің иесі Гауһар Өтелбаева, I Book You кітап порталының негізін қалаушы Марина Шариповалар болады.

Фестиваль аясында кітап жәрмеңкесі де ұйымдастырылады. Мұнда кітап дүкендері, баспа үйлері мен интернет-дүкендер өнімдері жарнамаланады. Кітап күні архивтен алынған фотосуреттер көрмесі де қойылады. Одан ақын-жазушылар мен ХХ ғасырдың басында кітап оқыған қазақтардың сирек фотоларын көруге болады.

Кітап фестивалінде балалар да ойын-сауықсыз қалмайды. KITAP FEST-2019 шарасының мақсаты — оқырман мәдениетін қалыптастыру, жазушылар мен оқырманға бірыңғай алаң ұсыну, жастар мен балалардың кітапқа деген құмарын арттыру.

KITAP FEST кітап фестивалі Алматыда 5 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Осы уақыт аралығында фестиваль шағын кітап алмасу дәстүрінен қаланың ауқымды мәдени-танымдық іс-шарасына айналып, халықтың ықыласына бөленіп үлгерді. Жыл сайын кітап фестивалі мыңдаған кітапсүйерді, талантты ақын-жазушылар мен табысты блогерлерді, қоғам қайраткерлері мен белсенділерінің басын біріктіреді. 5 жыл ішінде Алматыда авторлар мен баспа үйлерінің қатысуымен 130-дан астам кітап таныстырылды, қонақтар 20 мыңға жуық кітапқа ие болды, 70-тен аса кітап дүкені жәрмеңкеге қатысып, 45 блогер сүйікті кітаптары туралы әңгімеледі.