Нұрсұлтан Назарбаев «100 жаңа есім» жобасы жайлы: Біз армандай білуге тиіспіз

Мемлекет басшысы Астанадағы «Қазмедиа» орталығында «100 жаңа есім» жобасына екінші кезеңіне қатысушылардың жетістіктерімен танысты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанның мемлекеттігі мен егемендігін нығайту жолында жастардың әлеуетін пайдаланудың маңызды екенін айтты.

Бәріңіз де — тәуелсіздіктің перзентісіздер. Біз — бабаларымыздың арманын жүзеге асырған ұрпақпыз. Енді сіздердің уақыттарыңыз келді. Мұны ұмытпауға тиіссіздер, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент еліміздің білім және ғылым саласының даму қарқынын сақтаудың әрі оны еселей түсу қажет екенін айтты.

Жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, биоинженерия, нанотехнология — осы инновацияның бәрі бізді алға жетелейді. Сондықтан біз стартап жобалары үшін EXPO павильондарының бірінде жаңа зертханалар аштық, — деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, жастар тұлғалық және кәсіби тұрғыдан өсуі үшін өз мүмкіндіктері мен уақытын тиімді пайдалануы керек.

Бәрі де адам мен оның ерік-жігеріне байланысты. Біз армандай білуге және көздеген мақсатымызға жету үшін әрекет етуге тиіспіз. Бұл байқауға қатысушылар — өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Сіздер еңбектеріңіздің нәтижелері арқылы бұл өмірде бәріне де қол жеткізуге болатынын көрсеттіңіздер, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы дамыту және өсімнің жаңа көздерін ашу үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

Егер біз пайдалы қазбаларға үміт артатын болсақ, онда қаражатсыз қаламыз. Сондықтан экономиканы өзгеше қалыптастыруға мүмкіндік беретін индустрияландыру процесін іске асыруды бастадық. Алты жыл ішінде 1200 зауыт пен фабрика салдық. Бұл жұмысты жалғастыра береміз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент ауыл шаруашылығын дамытудың, ғылымның әлеуеті мен технологиялық прогрестің жетістіктерін пайдаланудың маңызды екеніне назар аударды. Ол «100 жаңа есім» жобасына қатысушылардың бәріне ризашылық білдіріп, Қазақстан жастарын елімізді одан әрі дамыту ісіне белсенді атсалысуға шақырды.