Қазақстанда балабақшаға жолдама ваучер жүйесімен беріледі. Алайда ата-ананың көбі қай сайтқа тіркелу керек, ваучер қанша күн жарамды және қандай құжаттар қажет екенін біле бермейді. Baribar.kz ресми ақпаратқа сүйене отырып, баланы балабақшаға орналастырудың толық тәртібін түсіндіреді.
Ваучер деген не?
Ваучер – баланы мектепке дейінгі ұйымға қабылдауға берілетін электрон жолдама. Кезегіңіз келгенде ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде беріледі. Ваучерді алғаннан кейін белгіленген мерзім ішінде қажет құжат өткізіп, балабақшамен келісімшарт жасауға тиіссіз. Мерзімнен асып кетсеңіз, ваучердің күші жойылуы мүмкін.
Балабақшаға өтінім қай сайттан беріледі?
Өтініш беру тәсілі өңірге қарай өзгереді.
Алматы қаласында өтінішті SmartNation (balabaqsha.snation.kz) жүйесімен береді.
Астана, Шымкент және көптеген облыста Indigo24 ақпараттық жүйесі қолданылады.
Кейбір өңірлерде баланы жергілікті білім басқармаларының порталынан балабақшаға кезекке қоюға болады.
Баланы балабақша кезегіне қалай қоямыз?
Баланы кезекке қоюдың бірнеше жолы бар:
- электрондық үкімет порталынан;
- өңіріңіздегі білім басқармасы немесе білім бөлімінің ресми порталынан;
- SmartNation, Indigo24 немесе басқа жергілікті ақпараттық жүйелерден.
Өтініш бергенде:
- баланың ЖСН-сы жазылады;
- қалауыңыз бойынша бірнеше балабақша таңдалады;
- өтініш электронды цифрлы қолтаңбамен (ЭЦҚ) расталады.
Кезек келген уақытта ата-ананың жеке кабинетіне немесе байланыс нөміріне бос орын туралы хабарлама жіберіледі.
Ваучер келгеннен кейін не істеу керек?
Ваучер ұсынылғаннан кейін ата-ананың әрекет ету мерзімі шектеулі.
Алдымен екі жұмыс күні ішінде ваучерді пайдалануға келісім беруі керек.
Одан кейін бес жұмыс күні ішінде:
- балабақша таңдау;
- қажет құжаттарды өткізу;
- мектепке дейінгі ұйыммен келісімшарт жасауы керек.
Қажет болса, бұл мерзімді тағы екі жұмыс күніне ұзартуға болады.
Ата-ана екі күн ішінде ваучерді растамаса, ваучер 28 күнге тоқтатылады. Осы уақыт ішінде ваучерді қайта белсенді етуге болады. Ал 28 күн өткеннен кейін қалпына келтірілмесе, ваучердің күші жойылады.
Қандай құжат қажет?
Балабақшаға қабылдау үшін әдетте мына құжаттар талап етіледі:
- жолдама (ваучер);
- ата-анасының немесе заңды өкілінің жеке куәлігі;
- баланың туу туралы куәлігі;
- баланың денсаулық паспорты;
- денсаулығы туралы анықтама.
Қалаған балабақшада орын болмаса не істеуге болады?
Таңдаған балабақшада орын болмаса, ата-ана басқа мектепке дейінгі ұйымды уақытша таңдап, сол балабақшаға тіркеледі. Содан кейін ғана өзі қалаған балабақшаға күту тізіміне тұра алады. Кейін сол ұйымда орын босаса, жүйе бұл туралы хабарлама жібереді.
Ата-ана нені ескеруі керек?
Бала балабақшаға толығымен электрон жүйемен қабылданады. Сондықтан өтініш бергеннен кейін жеке кабинеттегі хабарламаны үнемі тексеріп отырған жөн. Ең бастысы – ваучер келгеннен кейін белгіленген мерзімдерді өткізіп алмау. Уақтылы растап, қажет құжаттарды тапсырсаңыз, балаңыз мемлекеттік немесе жекеменшік балабақшаға кедергісіз қабылданады.
