20 тамыздағы ауа райы болжамы: жаңбыр мен күшті жел

Мамандардың болжамы бойынша сейсенбіде солтүстік, орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Жел күшейіп, дауыл тұрады, бұршақ жаууы ықтимал, тұман түседі.

Солтүстік Қазақстан облысында 15-20 м/с жел соғып, дауыл тұрады, бұршақ жаууы мүмкін, тұман түседі. Ақмола облысында да тұман түседі, 15-20 м/с жел соғады, бұршақ жауады. Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарында да 15-20 м/с жел соғады. Қостанай облысында найзағай ойнайды, Түркістан, Қызылорда облыстарында шаңды дауыл тұрады.

Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында қатты ыстық болады. Қызылорда, Түркістан, Қарағанды облыстарының басым бөлігінде, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерінде, Ақтөбе облысының оңтүстігінде, Павлодар облысының оңтүстік-шығысында дала өрті қаупі күшті болады.