Не болды?
Шахматшы Бибісара Асаубаева өзіне былтыр тағайындалған II дәрежелі «Барыс» орденін алты айдан кейін ғана қолына алды. Мемлекеттік марапат оған Астанада салтанатты түрде табысталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Әлемнің блиц шахматы бойынша үш дүркін чемпион бұған дейін президентке бейнеүндеу жасап, 2025 жылдың соңында тағайындалған орденді әлі күнге дейін алмағанын айтқан еді. Осы мәселе қоғамда қызу талқыланғаннан кейін спорт министрлігі шахматшыны елордаға арнайы шақырып, марапатты ресми түрде табыстады.
Марапаттан кейін Бибісара әлеужеліде оқырманына марапатын көрсетіп, көптен күткен II дәрежелі «Барыс» орденін алғанын айтты.
Енді менде III және II дәрежелі «Барыс» ордені бар. Егер болашақта I дәрежелі орденге ие болсам, осы мемлекеттік награданың толық иегері атанамын, – дейді шахматшы.
II дәрежелі «Барыс» ордені Бибісара Асаубаеваға 2025 жылғы 30 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен берілген. Бұл марапат шахматшының Дохада өткен әлем чемпионатында блиц бойынша үшінші рет әлем чемпионы атанған жетістігінен кейін тағайындалған.
Контекст
Естеріңізге салайық, спорт министрлігі Бибісара Асаубаеваның азаматтығын ауыстыруға қатысты ақпараттың жалған екенін айтты.
