Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Биыл министрлік 3 мың адамды әскери оқу-жаттығуға шақырады

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Не болды?

Қазақстанда биыл жоспарлы әскери оқу-жаттығу жиынына қосалқы 3 мың азамат шақырылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әскери жиын қосалқы әскери міндеттегі жауынгерге арналған. Жиынның мақсаты — әскерилерді заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы қолдануға үйрету, сонымен қатар карулы күштің дайындығын тексеру.

Әскери жиынға қатысушыларды жергілікті әскери басқару органы қарулы күштердің шақыртуы бойынша іріктейді.

Кімдер әскери жиынға шақырылмайды?

Заңға бойынша, мына санаттағы азаматтар әскери жиынға баруға міндетті емес:

  • оқу жылы кезінде педагогтер;
  • күндізгі бөлімде білім алып жатқан студенттер;
  • үш және одан көп кәмелетке толмаған баласы бар ата-аналар мен өзге де санаттағылар.

Әскери жиын қанша уақытқа созылады?

Оқу-жаттығу жиынының ұзақтығы бір айға дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде қатысушыларға тамақ, әскери киім және медициналық қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар жиын өтетін орынға жеткізу шығынын қорғаныс министрлігі өтейді.

Жалақы сақтала ма?

Әскери жиынға қатысқан кезеңде азаматтың жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Жұмыс істейтіндерге орташа айлық жалақысы төленеді, ал жұмыссыз азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде (85 мың теңге) төлем қарастырылған.

Сонымен қатар әскери жиында болған уақыт жалпы еңбек өтіліне енеді.

Шақыртуға келмегендерге қандай жаза қарастырылған?

Әскери міндетті азаматтарға шақырту қағазы жіберіледі. Оны алған азамат белгіленген уақытта, көрсетілген орынға келуге міндетті. Егер азамат дәлелді себепсіз келмесе, оған 5 АЕК көлемінде (21 625 теңге) айыппұл салынады.

Контекст

Естеріңізге салайық, қорғаныс министрлігі азаматтарды әскерге шақыру жүйесін цифрландырады. 

Мақалаға реакция