Көктөбе үшінші рет өртенді

Алматыдағы Көктөбе телемұнарасы ауданында тағы да өрт шықты.

Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өрттің 13.52-де басталғанын хабарлады. Көктөбе тауының оңтүстік-батыс баурайында ауданы шамамен 1 гектар болатын жердің қураған шөбі өртенген. Өрт екі сағатқа жуық уақытта сөндірілді.

Еске салайық, мұның алдында 11 тамыз күні Көктөбе тауында екі рет өрт шыққан еді. Алғашқысында бір гектар жер өртенсе, екінші өрт мың шаршы метрдей аумақты шарпыған. Екінші өрт орнынан бір адамның мәйіті табылды. Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады. Бірінші өрт 11 тамыз күні сағат 20.00 шамасында, екіншісі 00.00 шамасында өшірілді. Өрт кезінде Көктөбедегі зират жанып кеткен.

Екі өрт те жеке секторға қауіп төндірді, дегенмен адам шығыны және эвакуация болған жоқ, — деді төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Серік Әубәкіров баспасөз мәслихатында.

Оқиға орнында болған Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өртті сөндіруге барлық күш пен техниканы жұмылдыруды тапсырды. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамының 1500 қызметкері, полиция департаменті, Алматының коммунал және инженерия қызметі, 70 арнайы техника, оның ішінде су таситын 28 көлік қатысты.

Айта кетейік, 12 тамыз күні Алматының Түрксіб ауданында да қураған шөп өртенді.

«Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, бұл күндері Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында дала өрті қаупі күшейіп тұр.

ДереккөзTengrinews.kz