Асқар Мамин: Арыс 1 тамызға дейін қалпына келтірілуі керек

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Премьер-министр өңірлік штабтар жұмысын тексеріп, «Көктем-1», «Көктем-2» ықшамаудандарындағы тұрғын үйлердің, мектеп, балабақша, теміржол вокзалы ғимараттары мен қалалық аурухананың қалай қалпына келтіріліп жатқанын көрді.

Асқар Мамин Халыққа қызмет көрсету орталығына да барды. Түркістан облысының штабында Арыс тұрғындарына 100 мың теңгеден өтемақы төлеу жұмысы жөніндегі есепті тыңдады.

Арысты қалпына келтіру мәселелері жөнінде кеңес барысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы 650 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілгенін хабарлады.

Қорғаныс, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкі істер, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлері әлеуметтік қолдау шаралары, медицина қызметтерін көрсету, тұрғын үйлерді қалпына келтіру жөніндегі жұмыстар туралы баяндады.

Шымкент пен Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарының басшылары өздеріне бөлінген секторлардағы құрылыс қарқыны туралы ақпарат берді.

Бүгінде 676 тұрғын үйге жөндеу жасалған. Қазіргі кезде 3 040 жеке тұрғын үй салынып, көпқабатты тұрғын үйлер қалпына келтіріліп жатыр, 190 құрылыс компаниясы, 5 мыңға жуық құрылысшы мен 207 арнайы техника жұмылдырылған. 66 әлеуметтік нысанға инфрақұрылым жүргізіліп жатыр.

Кеңесті қорытындылаған Асқар Мамин қаланы қалпына келтіруге еліміздің барлық өңірі, ұлттық компаниялар мен ірі бизнес өкілдері белсенді қатысып жатқанын айтты.

Арысты қалпына келтіру бойынша барлық негізгі жұмыс 1 тамызға дейін аяқталуға тиіс, — деді Асқар Мамин.