Атаулы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері — 105 мың теңге

Жыл басынан бері 67,7 миллиард теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек берілді. Оның орташа мөлшері 105 мың теңге болды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты.

Осы жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шарттары өзгерді. Көмек тағайындау критерийі өзгеріп, ай сайын әр балаға ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70% немесе 20 789 теңге көлемінде, отбасының жиынтық табысынан кейбір жәрдемақы түрлері алынған еді.

Министрдің айтуынша, бүгінге дейін атаулы әлеуметтік көмекті 277 мыңнан астам отбасы немесе 1,3 миллионнан астам адам алды.

Әкімдіктермен бірлесе отырып, көмектің 11 түрін қамтитын қызметтің бірыңғай пакеті мен әлеуметтік қолдау шарасы әзірленді. Оның ішінде 1-4 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасы, оқулық пен керек-жарақ, балалар мен аналарға арналған қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру, балалар лагерлерінде тегін демалу және тағы басқа жеңілдіктер бар, — деді.

Ана мен баланы қолдау мақсатында бала тууға, бір жасқа дейінгі баланы күтуге және жүктілігі мен босануына берілетін әлеуметтік төлемдерге 243 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.

Қазір Қазақстанда алты және одан да көп баласы бар 237 мыңға жуық көпбалалы ана бар. Оларға жәрдемақы төлеуге жыл сайын 45 миллиард теңге бөлінген.

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының тапсырмасы бойынша біз мүдделі мемлекеттік органдармен, қоғам өкілдерімен, белсенді азаматтармен бірлесе отырып, «Бақытты бала – бақытты ана – бақытты отбасы – бақытты ел» Жол картасының жобасын әзірледік, — деді министр.