Басты бет / Cұхбат /
Алматбек Сақтаған
Фото Алматбек Сақтағанның жеке архивінен

Жер туралы ғылым мамандығын оқыған Алматбек Сақтаған

Жер туралы ғылым саласы жер қойнауын, жер асты су қоймасын зерттеп, кен өндірілген жерді қалпына келтіріп, күн райын, сейсмологиялық қауіп-қатерді болжап, экология қауіпсіздігін қамтиды. Алматбек Сақтаған — жер туралы ғылым мамандығы бойынша Абай атындағы ҚазҰПУ-ды биыл тәмәмдаған жас маман.
Baribar.kz тілшісі жер туралы ғылымның маңызы мен еңбек нарығындағы сұранысы жайлы Алматбек Сақтағанмен әңгімелесті.

География әлемді зерттеуге жол ашады

Алматбек Сақтағанның сөзіне қарағанда, жер туралы ғылым мамандығы географияны ғылыми тұрғыда, жан-жақты оқытады. Ол жер туралы ғылым мамандығына оқуға түсетін талапкерге әр университет әртүрлі бағыт ұсынатынын айтты. Мысалы, кейбір жоғары оқу орындары студенттерді геодезия, гидрология, геология, экология, сейсмология сынды салаға бағыттайды.

Алдымен мамандық таңдағанда не ұнайды, қай бағытқа қызығамын деген сұрақтарға жауап іздедім. ҰБТ-ға дайындалып жүрген кезде географияға қызығушылығым бар екенін түсіндім. Университетте маған ғылыми география және экология деген екі бағытты ұсынды. География әлемді зерттеуге жол ашады, оны оқыған сайын тағы оқи бергің келеді. Сондықтан ғылыми географияны таңдадым, — дейді жас маман.

Алматбек Сақтаған
Фото Алматбек Сақтағанның жеке архивінен

Жер туралы ғылым мамандығы бірнеше салаға жол ашады

Жер туралы ғылымды оқыған студенттер тек бір саламен шектелмейді. Мәселен, мұны оқыған адам география институтында, Қазгидромедте, метеорология немесе сейсмология cтансасында, жер ресурстары департаментінде жұмыс істей алады. Студент осы бағыттың бірін таңдап, салалық географияны меңгере алады.

Қазір әлемде де, Қазақстанда да экологиялық проблема жетіп артылады. Біз табиғи апат қашан, қалай боларын анықтап, оны басқара алмаймыз. Десе де, жер туралы ғылым арқылы қоршаған ортадағы әр құбылысты терең зерттеп, экологиялық проблеманың шешімін табуға болады. Төрт жыл оқу кезінде Қазақстанның әр аймағын аралап, Алматының маңын зерттеп, онлайн карта жасауды үйреніп, тіпті жер асты су қоймасы туралы ғылыми жоба жаздық, — дейді Алматбек Сақтаған.

«Грант ұтсам» деп қана оқуға түскендер көп

Ғылыми география маманының айтуына қарағанда, жер туралы ғылым мамандығына мемлекеттік грант жеткілікті болса да, ҰБТ-ның шекті балы өте төмен. Сондықтан студенттердің басым бөлігі бұл мамандыққа «грант ұтсам» деп қана оқуға түскен.

Көбіне менеджмент, логистика сияқты мамандыққа түсе алмаған талапкерлер, ҰБТ-да 75 балдан көп жинаса, жер туралы ғылымға тапсырады. Демек бұл бағытқа қызықпаса да, тек грант үшін, диплом алу үшін төрт жыл білім алады. Содан соң саланы толық игермей, әрі қарай мамандық бойынша қызмет етпейді, — дейді Алматбек Сақтаған.

***

Тағы оқыңыз:

«Ғылым-білім бар жұрттар» Telegram арнасы ғылымды қарапайым тілмен түсіндіреді

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram