Арыста тағы оқ-дәрі жарылды

Арыста тағы жарылыс болды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Қорғаныс министрлігі инженер-сапер бөлімшелерінің арсеналға іргелес аумақта оқ-дәрі фрагменттерін жинау жұмысы барысында бір оқ-дәрі жарылып, соның салдарынан өрт шыққанын хабарлайды, — делінген министрліктің хабарламасында.

Әскери өрт сөндірушілер жалын ошағын жойған. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қорғаныс ведомствосының хабарлауынша, жергілікті халыққа ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Қорғаныс министрлігі инженер-сапер бөлімшелерінің жұмысы аяқталғанша арсенал аумағына жақындауға тыйым салынғанын ескертеді, — делінген хабарламада.

Еске салайық, 24 маусым күні Арыстағы әскери қоймаларда бірнеше жарылыс болған еді. Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты, 400-ден астам адам дәрігерлердің көмегіне жүгініп, 80-нен астам адам ауруханаға жатты. Қаланың 40 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жарылысқа өрт қауіпсіздігін сақтамау, лауазымды тұлғалардың салғырттығы және тағы басқа жайттар себеп болуы мүмкін екенін хабарлады. Алдағы екі апта ішінде Арыстан оқ-дәрі арсеналын басқа жаққа көшіру басталады.