Басты бет / Қоғам /
сайлау, референдум
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Партиялар неге бір-бірін ашық сынай бастады? Құрылтай алдындағы саяси тартыс

23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы ірі саяси науқан. Алайда биылғы сайлау жаңа Парламентті жасақтаумен ғана ерекшеленбейді. Партиялар бұл жолы әдеттегідей кандидаттарын бекітіп, бағдарламаларын таныстырумен шектелмей, сайлау жарияланған сәттен бастап-ақ ақпараттық бәсекеге көшті. Бірі танымал тұлғаларды өз қатарына тартып жатыр, енді бірі қарсыласын ашық сынап, оның электоратына ықпал етуге тырысады. Яғни Құрылтайдағы орын үшін күрес сайлау күніне дейін-ақ басталып кетті.

2026 жылғы 1 шілдеде 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарының сайлауын 23 тамызға тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа Конституцияға сәйкес, заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – Құрылтай құрылды. Оның құрамындағы 145 депутат алғаш рет тек партиялық тізім арқылы сайланады. Бұл партиялардың рөлін күшейтіп қана қоймай, әрбір дауыс үшін бәсекені де арттырды.

Орталық сайлау комиссиясы сайлауға жеті партияны қатыстырды. Олар – «AQ JOL», «Ауыл», «Әділет», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы және Respublica. Бүгінге дейін олардың алтауы кандидаттарын ұсынып үлгерді. Әзірге кандидат саны бойынша Respublica алда тұр. Партия тізіміне 76 адам енгізілді. Қазақстан Халық партиясы – 72, «Ауыл» – 69, «AQ JOL» – 63, «Байтақ» – 51, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 33 кандидатты бекітті. «Әділет» партиясы өз тізімін 10 шілдеде өтетін съезде жариялайды.

Биылғы сайлау науқанында партиялардың әрекеті де өзгерді. Бұрын съездерде негізінен кандидаттар бекітіліп, сайлауалды бағдарламалар таныстырылатын. Ал биыл партиялар алғашқы күннен-ақ бір-біріне жауап беріп, қарсыластарын сынауға көшті. Осылайша съездер саяси тартыстың алғашқы алаңына айналды.

Respublica мен «AQ JOL» арасындағы пікірталас та кездейсоқ туған жоқ. Екі партия да кәсіпкерлердің, шағын және орта бизнес өкілдерінің, экономикалық белсенді азаматтардың дауысын алуға мүдделі. Сондықтан олар бұл жолы бағдарламадан бұрын бір-бірінің саяси салмағын әлсіретуге кірісті.

Respublica партиясының кезектен тыс съезінде алғашқы өткір мәлімдемелердің бірі айтылды. Партия өкілі Олжас Құспеков ұзақ жылдар бойы кәсіпкерлердің мүддесін қорғап жүрген саяси күштерді астарлап сынап, кейбір партиялар өзін «ақалтеке» ретінде көрсеткенімен, шын мәнінде «пониге» көбірек ұқсайтынын айтты. Ол нақты партияның атын атамағанымен, бұл сөз қоғамда «AQ JOL»-ға бағытталған сын ретінде қабылданды. Ал партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров әлеуметтік популизмді сынап, мемлекеттік шығындарды негізсіз ұлғайту экономиканың тұрақты дамуына қауіп төндіретінін мәлімдеді. Осылайша Respublica сайлауалды науқанды қарсыластарымен ашық пікірталастан бастады. Партия осылайша кәсіпкерлердің назарын өзіне аударып, ақпараттық бастаманы қолға алуға тырысты.

«AQ JOL» да жауапсыз қалған жоқ. Партия съезінде Қазыбек Иса әлеуметтік желіде белсенді көрінгенімен, нақты нәтижесі аз саяси күштерді сынға алды. Оның айтуынша, кейбір партиялар өзін кәсіпкерлердің қорғаушысы ретінде көрсеткенімен, нақты жұмысымен дәлелдей алмаған. Кейін ол қарсыластарына қатысты «пілге үрген қанден» деген теңеу қолданды.

Екі партияның да негізгі нысанасы – кәсіпкерлер мен экономикалық белсенді сайлаушылар. Сондықтан өзара сынның күшеюі кездейсоқ емес. Әрқайсысы осы электораттың сеніміне ие болып, өз ұстанымының басымдығын көрсетуге тырысып жатыр.

Ашық сын басқа партиялардың съездерінде де жалғасты. Қазақстан Халық партиясының бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев бірнеше саяси күштің ұстанымына күмән келтірді. Ол «Байтақ» партиясының экологиялық бағыты мемлекеттік саясатта бұрыннан бар екенін айтып, партияның ерекшелігі неде деген сұрақ қойды. Respublica атауына да тоқталып, ұлттық партия атауы елдің саяси және мәдени болмысына сай болуы керек деген пікір білдірді. Сонымен бірге кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын партиялардың көбейгенін сынап: «Бизнестің мүддесін қорғайтын институттар жеткілікті. Ал еңбек адамының мүддесін кім қорғайды?» деген сауал тастады.

Бұл мәлімдеме арқылы Қазақстан Халық партиясы өзін әлеуметтік әділеттілік пен еңбек адамының мүддесін қорғайтын саяси күш ретінде көрсетуге тырысты.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия да бұл науқанда өз орнын айқындауға кірісті. Партия төрағасының орынбасары Тазабек Сәмбетбай блогерлер мен шоу-бизнес өкілдерінің партиялық тізімге енуіне күмәнмен қарайтынын айтты. Оның пікірінше, депутаттық қызмет танымалдылықты емес, кәсіби дайындықты талап етеді. Осылайша партия кәсіби кадрларға басымдық беретін ұстанымын алға шығарды.

Биылғы науқандағы тағы бір маңызды үрдіс – танымал тұлғаларды саясатқа тарту. Respublica кәсіпкер Бейбіт Әлібеков пен «Ирина Кайратовна» шығармашылық бірлестігінің продюсері Азамат Маркленді ұсынды. Қазақстан Халық партиясы Тамара Асар, Ләззат Ақтаева және Аша Матайды партиялық тізімге қосты. Бұл – жаңа сайлаушыларды тартуға бағытталған тәсілдердің бірі. Партиялар саясатқа онша қызықпайтын аудиторияның назарын дәл осындай медиа тұлғалар арқылы аударғысы келеді.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев мұны қалыпты саяси технология деп бағалайды. Оның айтуынша, заңнамада әнші, блогер немесе спортшының партиялық тізімге енуіне шектеу жоқ. Керісінше, көпшілік сенетін медиа тұлға белгілі бір партияны қолдаса, оның аудиториясы да сол саяси күшке назар аударуы мүмкін.

Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысымен DATAmetrics жүргізген сауалнамаға сәйкес, азаматтардың 22,6 пайызы әлі қай партияға дауыс беретінін анықтамаған. Сондықтан партиялардың бүгінгі ақпараттық белсенділігі кездейсоқ емес. Олар дәл осы шешім қабылдамаған сайлаушылардың қолдауына ие болуға ұмтылып отыр. Бірі кәсіпкерлерге, енді бірі әлеуметтік бағыттағы электоратқа, үшіншісі жастар мен саясатқа қызығушылығы төмен аудиторияға басымдық беруде.

Құрылтай сайлауы басталмай жатып-ақ партиялардың тактикасы айқындала түсті. Бірі танымал тұлғалар арқылы жаңа аудиторияға шығуға тырысса, енді бірі қарсыластарын ашық сынау арқылы ақпараттық басымдыққа ие болуды көздейді. Мұның барлығы алдағы апталарда саяси бәсекенің одан әрі күшейетінін көрсетеді. Сондықтан Құрылтайдың алғашқы сайлауы соңғы жылдардағы ең тартысты сайлау науқандарының біріне айналуы мүмкін.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram